Отандық тауар өндірісі өркендемей, ел экономикасы алға баспайды

Отандық тауар өндірісі өркендемей, ел экономикасы алға баспайды
inbusiness.kz

ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Елімізде өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет. Қашанға дейін им­портқа тәуелді боламыз? Қазақстанда тауарлардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез де келді. Сондай-ақ, терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет. Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет», – деді.

Шынында да, біз неге өзіміз­де өндірмейміз? Бәрін сырттан сатып ала беру соншалықты тиімді ме?

Бюрократиялық кедергілерді жою керек

Кейбір кәсіпкерлер Қазақстанда өндіріс ашқаннан гөрі шетелден тауар әкеп сатқан әлдеқайда тиімді екенін айтады. Өйткені, бізде өнеркәсіп орнының цехы, өндіріс орын­дарын ашу үшін көптеген бюрократиялық кедергілер бар. Мәселен, кішкене цех ашу үшін алдымен жер сатып алуың керек. Қала­дан жер сатып алу үшін көптеген қаражат керек. Ол цехты тұрғызу үшін де 30–40 мың доллар тағы шығындаласың. Оның ғимара­тын салып, енді жұмысыңды бастайын де­сең, СЭС, өрт сөндірушілер, сәулет және қала құрылысы секілді, т.б. тиісті органдардан рұқсат алуың керек. Ал олардың бәрінен рұқсат алып, жұмыс бастағанша қыруар қар­жы кетеді. Сосын мұнша кетірген шығының­ды қашан қайтарып аласың?

Шағын өндіріс орнының өзіне шамамен осынша қаражат кетеді. Ал үлкен өндіріс орнын ашсаңыз, онда тіптен түрлі қиындық­тарға тап боласыз. Оның үстіне банктен не­сие алудың өзі оңай емес. Кепілдікке қоятын мүлік сұрайды, пайыздық үстемақысы тым қымбат. Мұның барлығына төтеп беру - кез келген кәсіпкердің қолынан келе бермейтін тым күрделі іс.

Шекара жабылса, тапшылық туындайды...

Онымен қоса, бізде жақсы маман жоқ, болған күннің өзінде жұмыс күші өте қым­бат. Тиісті органдар да қайта-қайта тексеріп мазаңды алады. Тіпті, кейбір тексеруші ор­гандар таныстарының атынан шағым жазды­рып алып, тексеруді жиілетіп жібереді. Ал әрбір тексеруге қалтаңнан шығындаласың. Сондықтан біздің шағын бизнеспен айналы­сатын кәсіпкерлер өндіріс орнын ашқаннан гөрі, Қытайдан, Ресейден, Түркиядан тауар алып келіп, осында сатқанды тиімді көреді.

Біздегі жергілікті басшылардың да көпшілігінің түсінігі осындай. «Өндіріс орындарында отандық тауар өндірудің шы­ғыны өте жоғары, өзін ақтамайды. Шет елден дайын тауар сатып алған әлдеқайда арзанға түседі. Шетелдік тауар шығыны арзанға түс­кенде, қымбатқа өндірудің қажеті не? – деп түсінеді кей басшылар.

Бірақ коронавирус пандемиясы әлемді шарлаған уақытта көптеген елдер шекара­сын тарс жауып тастады. Қытайдың өзі Қа­зақстанмен шекараны уақытша жауып қой­ды. Осыдан кейін елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы басталып, аты жаман індетпен ауырған науқастарға дәрілік препараттар жетіспей, қайтыс болып кетіп жатты. Дәрі- дәрмектің бағасы аспандап кетті. Тіпті, меди­цина қызметкерлерінде коронавирустан қор­ғайтын құралдар мен киімдер жеткіліксіз болғандықтан, қаншама білікті дәрігерлер­ден айырылып қалдық. ҚР Сыртқы істер министрлігі әлем елдерінен гуманитарлық көмек сұрады. Не дәрі шығара алмай, не бет­перде тіге алмай, осындай қиын жағдайға тап болдық. Елімізде өндіріс орындарын көптеп ашудың маңыздылығы, міне, осында жатыр.

Кәсіпкерлерге жеңілдік қарастырылу керек

Сондықтан қандай жағдай болмасын, бізге өндіріс орындарын көптеп ашу керек. Сырттан сатып алып, оны елге қымбат бағада сату дұрыс емес. Біз бұл арқылы мемле­кетімізді ешқашан дамыта алмаймыз.

Жасыратыны жоқ, қазірдің өзінде біз шикізат жеткізетін елге айналып отырмыз. Яғни біз тек жерасты байлықтарымызбен ғана күн көріп отырмыз. Күні ертең ол да азаяды, таусылады. Сондықтан жерасты бай­лығымыз сарқылмай тұрғанда, 50–60 жыл­дың ішінде біз өндіріс пен өнеркәсібімізді дамытып алуымыз қажет. Онсыз жағдайы­мыз қиын болады. Әрине, ол бір күнде дамып кетпейді, әсте-әсте мемлекеттік қолдау арқы­лы істі дөңгелетіп алуымыз керек. Мемле­кеттік қолдау деген не? Ол ең бірінші – кәсіп­керлік саласын шенеуніктердің бюрократиялық кедергілерінен аман сақтау. Ірі өндіріске мемлекет демеу болса, ал шағын цехтарға жергілікті билік сүйеніш болуы ке­рек. Банктер де кәсіпкерлерге орынсыз та­лаптар қойып, жылжымайтын мүлікті кепіл­затқа алып, банктік несиелердің пайыздық ақысын жоғарылатуына жол бермеуіміз қа­жет. Қиын кездерде мемлекет банктердің тығырықтан шығуына қолғабыс жасады. Банктер тарапынан да соның қайтымы болуы тиіс. Салық, кеден, техникалық реттеуге қа­тысты мәселелерде де өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлерге жеңілдік қарастырылу керек. 3–5 жылда аяққа тұрып алған соң, өндірістен түсетін пайда алып-сатудан тү­сетін пайдадан 10 есе артық болуы мүмкін.

«Пайда шығынның  арғы жағында»...

Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлер бүгін ақша салып, аз болса да, ертең пайда түсір­генді қол көреді. Ұзақ жоспарлау жоқ. «Пай­да зиянның арғы жағында» дегенді ескер­мейді. Арғы жағындағы пайданы көрмей, бергі жақтағы зиянды есептеп, бастамай жатып шошиды. Мұндай құбылыстың бо­луына бір жағынан әкімшілік кедергілер мен бюрократия ықпал етіп отыр. Сыбайлас жемқорлық деген дерт те кәсіпкерліктің да­муына тұсау болып келеді. Қазір мемлекет өндірісті дамытуға қыруар қаржы бөліп, кәсіпкерлерге қолдау жасап жатыр. Бірақ нәтиже шамалы.

Өйткені, өндіріс ошақтарын ашуға бөлініп жатқан қыруар қаржы талан-таражға түсіп жатыр. Өндіріс ошағын ашып, өнімін сатып, пайда табуды емес, өндіріс орнын ашуға бөлінген ақшаны қалтаға басып алып, табанын жалтырататын қара ниет кәсіпкер­сымақтар да көп. Сондықтан Үкімет қаржы­ны кім көрінгеннің қолына бермеуі тиіс.

 

Тақырыпқа орай

Жолымбет МӘКІШ,  фейсбуктегі парақшасынан:

– Жапондар - күрішсіз тұра алмай­тын халық. Күріш оларда нанның орнына жүреді. Жапондар соны шеттен сатып алмай өздері өсіріп, ішкі нарықты түгел қамтып отыр.  Солардың мемлекеттік жиы­нында шенділердің біреуі былай деп ұсыныс тастапты: «Біз күрішті шетелден сатып алмай, неге өзіміз өсіріп жатырмыз? Біз өсірген күріштің өзіндік құны мен бағасы 7-8 йеннен айналады. Ал егер сол күрішті шетелден, Вьетнамнан не Қытайдан сатып алсақ, әр келісіне 2-3 йен ғана кетеді екен. Біз өзіміз­ге-өзіміз зиян келтіріп отырмыз!»...  Сол кезде министрлерінің біреуі не деп жауап берген дейсіз ғой? Бы­лай депті: «Егер біз күрішті шетелден алдырсақ, жұмыссыздық пай­да болады да, жұмыссыздықтан қылмыс туады. Сосын оның шығы­ны әлгі біз үнемдемекші болған ақ­шадан жүз есе асып кетеді!».  Байқадыңыздар ма, ел басқару үшін асып бара жатқан білімнің қажеті жоқ, ұлтым дейтін мінез бен табанының бүрі болса болғаны екен!

 

Түйін

«Қазақстанда өндіріс орнын ашқан тиімсіз» деген бос сөз. Кезінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жан-жақты жұмыс істеген «Жетісу», «АХБК» сынды кәсіпорындар болды. Әр жыл қыруар пайдамен шығатын. Егер өндіріс саласын дамытпайтын болсақ, ертең бәрібір біреуге күніміз қарап қалады. Қытай, Ресей тауар­ларының бағасын қымбаттатып жіберсе, ол бізге міндетті түрде кері әсер ететін болады. Сондықтан бұрынғы тоқырап қалған өндіріс орындарын қайта жаңғыртып, жолға қоюымыз тиіс. Өндірісті дамытуымыз қажет.