Ғалымдар селен алудың керемет жолын тапты

Ғалымдар селен алудың керемет жолын тапты
Сурет: Satbayev.university

Тың технологияның арқасында сыртқа сатылатын металлургиялық өнімнің бұл түріне деген сұраныс арта түспек.

Сәйкесінше, бағасы 15 есе қымбаттамақ. Қазірдің өзінде құрамы таза селен өндіру жұмысы басталып, ірі кәсіпорындарда арнайы цехтар ашылып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

Селен медицина, шыны өндірісі және электроника сынды маңызды салаларда кеңінен қолданылады. Сондықтан да оған деген сұраныс жоғары. Десе де, осы кезге дейін елімізде өндіріліп келген металдың бұл түрі құрамы жағынан таза болмайтын. 20 жылдық зерттеу жұмыстарынан кейін Сәтпаев университетінің ғалымдары жаңалық ашты. Олар балқытылған мыс қалдықтарынан құрамы таза селен алудың жолын тапты.

«Біздің технология бойынша 80 пайыздық лас селеннен біздің вакумдық пешіміз арқылы селенді ғана ұшырып алып, оны конвенцировать етіп 99,5 процентке дейін көтереміз. Сөйтіп селенді аламыз. Ал қалған металдар – алтыны бар, күмісі бар, ол төмен қарай түсіп кетеді», - дейді Сәтбаев университеті Металлургия және кен байыту институтының бас директоры Бағдәулет Кенжеәлиев.

Қазақстан селеннің келісін сыртқа 8 доллардан саудалайды. Енді жаңа технологияның арқасында бағасы 15 есеге дейін өсуі мүмкін. Өйткені құрамы 99 пайызға тазарған металлға сұраныс жоғары.

Жаңалық ашқан ғалымдардың айтуынша, бұл жетістікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосқан үлесі зор. Өйткені, бұрынғы Ғылым және білім министрлігі екіге бөлініп, Ғылым және жоғары білім министрілігі құрылғалы ғылымға үлкен көңіл бөлініп, ғалымдардың жұмысы жанданған. Тіпті селен өндірудің тың технологиясын ірі компаниялар өздерінде қолданып, жаңа цехтар ашып жатыр.

«Біз ұзақ уақыт мыс қалдықтары мен сапасы төмен селенді қалай пайдаға асырарымызды білмей жүргенбіз. Жаңа технолгияның арқасында бұл проблема шешілді. Біздегі цех жылына 75 тоннаға дейін өнім шығара алады. Тіпті, өзге кәсіпорындарда шығарылған сапасы төмен селенді қайта өңдеуге қауқарлы», - дейді Қазақмыс прогресс компаниясының директоры Александр Шахалов.

Мамандардың айтуынша, жаңадан ашылған цех 100 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұған дейін отандық ғалымдар 1 млн теңгеден астам жалақы алып келсе, енді жобалары мен технологияларын кәсіпорындарға енгізу арқылы олардың еңбекақысы 6-7 млн теңгеге дейін өседі.