Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болды

Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болды
Сурет: ашық дереккөз

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілістің төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов сайланды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, ҚР Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды.

Дауыс беру нәтижесі бойынша палата депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасының орынбасарлары сайланды.

«ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы 9-бабы 8-тармағына сәйкес, палата депутаттары арасынан Мәжіліс төрағасының ұсынуымен палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланатын 2 орынбасары болады. Сондықтан өзіме берілген құқықты пайдалана отырып, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары лауазымына алдымен Мәжіліс депутаты Альберт Раудың кандидатурасын ұсынамын», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысы барысында.

Дауыс беру барысында отырысқа қатысқан 97 депутаттың 96-сы Альберт Раудың кандидатурасын қолдап, 1 депутат қалыс қалды.

Осыдан кейін Мәжіліс төрағасы 2-ші орынбасары лауазымына Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.

«Дания Мәдиқызы - тәжірибелі экономист. Көп жыл басшылық қызметте, банк секторында жұмыс істеді. 7-ші сайланымдағы Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болып, заң шығару қызметіне белсене атсалысты. Өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді», - деді Ерлан Қошанов.

Дания Еспаеваның кандидатурасын 94 депутат қолдады, бір депутат дауыс берген жоқ, 2 депутат қалыс қалды.