«Отандастар қорының» құрылтайшысы ауысты

«Отандастар қорының» құрылтайшысы ауысты
Сурет: Abai.kz

«Отандастар қоры» КеАҚ алдағы уақытта СІМ-не қарасты қызмет атқарады

«Отандастар қоры» Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне берілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 қаңтардағы №36 Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 50 пайыз мөлшеріндегі акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне берілді.

Бұған дейін қоғам акционерлері Сыртқы істер министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болған. 

Айта кетейік, шетелдегі отандастарымызға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында «Отандастар қорын» құру туралы 2017 жылы «Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында» Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев тапсырма берген еді. Қоғам өз жұмысын 2018 жылдың күзінде бастаған.

Бүгінде қоғамның негізгі мақсаттарында шетелдегі қазақ қауымдастығы көбірек жиналған жерлерінде қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және тарихи отанымен байланысын қолдау саласындағы іс-шараларды ұйымдастыру арқылы Сыртқы істер министрлігінің шетелдік ведомстволарына бағынысты ұйымдар ретінде шетелдегі Мәдени-іскерлік үйлері платформасының желісін кеңейуге, шетелдік қазақ жастары және Қазақстанның білім беру саласының басымдықтарына, шетелдегі қазақ қауымдары және Қазақстанның имидждік тартымдылығын арттыру ‒ ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық жасау көзделіп отыр.

Сонымен қатар, қандастарды ақпараттық қолдау орталықтарының жұмысын жалғастыра отыра, шетелдегі қазақтар мен елге келген ағайынның өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты талдау, жоспарлау және болжау мәселелері бойынша деректер базасын қалыптастыру жұмыстарын атқарады.