Осы айда 3 мектеп пайдалануға беріледі - Сағынтаев

Осы айда 3 мектеп пайдалануға беріледі - Сағынтаев
Cурет: Ашық дереккөз

Қазір 8 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде

Алматыда орта білім беру саласында 291 мектеп жұмыс істейді. Соның 207-сі мемлекеттік мектеп. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев instagram-дағы парақшасына жазды.

Барлығы 303 110 оқушы білім алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 12 мыңнан астам оқушыға артық. Бүгінде оқушы орны тапшылығы – 33 812.

«Бұл мәселені шешу үшін «қадамдық қолжетімділік» қағидаты аясында 12 600 орынға арналған 8 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 5100 орынға арналған 3 мектеп биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі»,-деп жазды қала әкімі.

8263 орынға арналған мектепке жапсарлас 17 жаңа корпустың құрылысы жалғасуда. Бұл ретте 4600 орынды 11 корпустың құрылыс-монтаждау жұмысы бітті. Қалған 3663 орынды 6 ғимараттың құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа оқу жылының басында жеке инвестиция есебінен  2656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылды.