Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының әлеуметтік инфрақұрылымының дамуын тексерді

Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының әлеуметтік инфрақұрылымының дамуын тексерді
Сурет: Almaty-akshamy

Сонымен қатар қала әкімі ауданның білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты.

Алмалы ауданына жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев емханалар мен мектептерді модернизациялау мәселелерін қарады және қала аумақтарын абаттандырумен танысты, деп хабарлайды Almaty-akhamy.kz.

Мегаполис әкімі ауданды аралау кезінде 65 орынға есептелген қалалық ревматологиялық орталықта болды. Медициналық мекеменің бас дәрігері А. Күлембаеваның айтуынша, Алматыда ревматоидты дертке шалдыққан 11 мыңға жуық адам бар екен. Сондықтан оларға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін емдеу мекемесін кеңейту қажет. Жағдайды зерттеген Бақытжан Сағынтаев төсек-орын санын 200-250-ге дейін арттыру үшін орталықтың жаңа корпустарын салу жобасын әзірлеуді тапсырды. 

Ал, ардагерлерге арналған ауысымына 500-ге дейін келушіні қабылдайтын қалалық емхана ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Емханаға 30 мыңнан астам адам бекітілген. 1955 жылы салынған ғимарат 10 жыл бұрын жөнделген. Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша емхананы сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі қарастырылатын болады. 

Қала әкімі ауданның білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты. Оқушылар орындарының тапшылығын азайту мақсатында №34 мектеп-гимназиясының 600 орындық жаңа корпусы салынуда. Сонымен қатар, Қабанбай батыр көшесінің бойында жеке инвестор бұрын құрылысы тоқтаған нысан негізінде 856 орындық дарынды балаларға арналған мектеп салып жатыр. Балалардың денесін шынықтыру үшін МЖӘ аясында №128 мектеп аумағында көп функционалды спорт кешені салынуда. Барлығы 11 спорт кешені салынады, ал мектеп жанындағы қолданыстағы 33 спорт алаңы модернизацияланады.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев DEPO Evolution Park-тің құрылыс барысымен танысты, мұнда креативті индустрия жобаларын іске асыруға арналған алаң жасалатын болады. Мақатаев скверінде қала әкіміне «Буккроссинг» көшпелі кітапханасының жобасы таныстырылды, мұнда әркім кітап ала алады, өзінікін қалдырады немесе қалаған басылымын оқуға алады. Ауданның саябақтары мен скверлерінде осындай 10 кітапхана орнату жоспарлануда. 

Жұмыс сапары барысында қала әкіміне жеке инвестор есебінен Мәуленов көшесін абаттандыру жобалары көрсетілді. Бақытжан Сағынтаев Сейфуллин даңғылындағы 450, 452, 452/1, Жібек жолы көшесінің бұрышындағы аулаларды реконструкциялаудың барысын қарап шықты. «Бюджетке қатысу» жобасы аясында ауданда Әуезов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы А. Байтұрсынов атындағы және «АРО» скверлері абаттандырылуда. Варламов көшесінде жоба аясында скейт-парк салынды.