Өрттен 3 адамды құтқарып өзі көз жұмған Асқар Забикулинге «Алтын адам» сыйлығы берілді

Өрттен 3 адамды құтқарып өзі көз жұмған Асқар Забикулинге «Алтын адам» сыйлығы берілді
Сурет: Inform.kz

«Алтын Адам – Жыл адамы» ұйымдастыру комитеті Астанадағы өрттен бірнеше адамды құтқарып, кейін өзі ауруханада көз жұмған Асқар Закибулинді «Алтын адам» деп таныды. Бұл туралы батырдың жары әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз қазір еңбек демалысында жүретін едік. Алматының Арбатында қол ұстасып, кофе ішіп, қыдырып жүруші едік. Солай жоспарлаған едік қой.

Сол күні, 16 қарашада сені кезекшілікке шығарып салып тұрып, ойымда ештеңе жоқ айта салған едім. «Алақай, 20-сы күні сенің соңғы кезекшілігің екен, әрі қарай демалыстамыз» деппін. Ал сен айттың: «Жаным, соңғы емес, демалыс алдындағы кезекшілік» дедің. Енді міне, 20 қарашада сен еңбек демалысына шықтың. Мәңгілік, ұзақ, бітпейтін, қайтып келмейтін демалыстасың... Ал мен бұл дүниедемін. Біздің жоспарымыздағыдай емес. «Алтын Адам» тағайындаған сенің «Жыл қаһарманы» аталымындағы мадақтамаңды әкетуге келдім», - дейді Анель Закибулина.

Оның айтуынша, бүгін екеуінің отау құрғандарына 5 жыл толған.

«Өмір шынымен қиын, қатыгез, аяушылықты білмейтін, тіпті кейде болжап болмайтын дүние. Ол ешкімді аямайды. Мейлі жасың 10-да немесе 40-та болсын. Соған қарамастан сен жарқын әрі абыройлы өмір сүрдің. Алтын адамсың сен, Асқар Забикулин! Ғасыр адам, Ғасыр қаһарманы. Өмірден өткеннен кейін», - деп жазды батырдың жұбайы.

Еске сала кетейік, елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түсті. Ал, 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулинді 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Оған достары көмек жинады.

Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.