Орта Азия елдеріне АҚШ ақша бөледі

Орта Азия елдеріне АҚШ ақша бөледі
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Көмектің сомасы – 14,3 млн доллар.

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) әкімшісі Саманта Пауэр Орталық Азияға қосымша инвестиция бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Самарқандта Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан үкіметтерінің қатысуымен аймақтық ынтымақтастық бойынша С5+1 формуласы бойынша кездесу өтті.

"Министрлер кездесуі барысында Пауэр АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестікті тереңдету аясында аймаққа қосымша 14,3 млн доллар көлемінде көмек көрсететінін мәлімдеді", – деп жазылған хабарламада.

USAID 100 микро, шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау үшін 10,8 млн доллар бөледі. Жоба әйелдерді, жастарды және халықтың осал топтарына қажетті дағдыларға үйрету арқылы Орталық Азияда 8000 жұмыс орынын құруға көмектеседі деп күтілуде.

Бұған қоса, 1,5 млн доллар желідегі және БАҚ-тағы ақпараттың сапасын жақсартатын және азаматтарды жалған ақпаратты анықтау және онымен күресу дағдыларымен қамтамасыз ететін бастамаларға жұмсалады.

Тағы 2 млн доллар қосымша қаражат жеке сектордың инвестициясын арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталады.