Қысқы Паралимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды

Қысқы Паралимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды
Сурет: Russianireland.com

Бұл шара да «Құс ұясы» деп аталатын ұлттық стадионында өткізілді.

Қытай астанасы Бейжің қаласында 2022 жылғы XIII Қысқы Паралимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Салтанатты шарада еліміздің туын парашаңғышы Ербол Хамитов ұстап шықты. Айтулы аламанда Қазақстан атынан Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Денис Петренко, Юрий Березин және Сергей Усольцев парашаңғы және парабиатлон спорт түрлерінен ел намысын қорғайды. Спортшылар шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысы, следж-хоккей, арбадағы керлинг және сноуборд секілді спорттың алты түрінен 78 жүлдені сарапқа салады.

Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Бүгінгі күнге дейін ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль түсті. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс алса, 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды. Қысқы Паралимпиада ойындары 13 наурызға дейін болады.