Оңтүстіктегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды

Оңтүстіктегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды
Сурет: Gov.kz

Осы бағытта жұмысты күшейту тапсырылды.

Қазақстан Үкіметі алдағы вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Шара барасында Экология, геология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы, энергетика министрлері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының басшылығы Арал-Сырдария бассейнінде қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

Биыл судың аз келуіне байланысты Қырғыз Республикасының аумағындағы Тоқтоғұл су қоймасына жиналған судың көлемі өткен жылғы деңгейге жетпейді. Қырғызстанның өзінің су-энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуі тиіс екенін ескере отырып, Қазақстан аумағына жіберілетін су көлемінің төмендеу қаупі бар.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай-ақ Энергетика министрліктеріне көктемгі-жазғы кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлерінің суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Әлихан Смайылов трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану бойынша өзара тиімді шешімдер қабылдау үшін Қырғызстанмен және Өзбекстанмен қарқынды келіссөздер жүргізу қажет екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне су үнемдеу технологияларын және аграрлық салада су ресурстарын тиімді пайдаланудың басқа да құралдарын енгізу аясындағы жұмысты күшейту тапсырылды.