«Оңай» көлік картасын тағы да оңайлата түсу мүмкін бе?

«Оңай» көлік картасын тағы да оңайлата түсу мүмкін бе?
Сурет: Facebook.com

Алматылықтар «Оңай» көлік картасын 2015 жылдың қазан айынан бастап, қолданып келеді. 

Десе де, күн сайын лық толы автобустармен қатынап, жол азабын көріп жүрген алматылықтар үшін жолақысын төлеуге арналған жеңіл әрі түсінікті «Оңай» жүйесінің өзін жетілдіру артық болмас.

 Бұл жүйе ең алдымен қоғамдық көлікте төлемнен түскен қаржының көлеңкелі айналымға түсіп кетпеуін көздеді. Сондай-ақ бюджетке салық түсімін арттыру үшін енгізілді. Содан бері жол жүру ақысы қолма-қол ақшамен емес, карта арқылы төлене бастады. Жолаушылардың өздері мұны тиімді деп санайды. Қоғамдық көлікте жол ақысын мобильді қосымша арқылы да төлеуге болады. Алайда оны смартфонға жүктемес бұрын, жолаушы алдымен карта сатып алуы керек. Әйтпесе төлем жасай алмайсыз. Осы істің басы-қасында жүргендер көп ұзамай бұл мәселені де шешеміз деп уәде беріп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

 «Қазір біз осыған қатысты жаңа өнімді соңғы сынақтан өткізуге әзірлеп жатырмыз. Яғни виртуалды карта болады. Енді қала тұрғындары мен қонақтары бұрынғыдай карта іздеп, сабылмайды. Тіпті оның қажеті болмайды. Жолаушылар жай ғана қосымшаны жүктеп алса, жеткілікті. Жолақысын картасыз, мобильді қосымша арқылы төлеп жүре береді. Бұл өте ыңғайлы болады деп ойлаймын», - дейді "Оңай" көлік холдингінің жобалау-сараптама бөлімінің басшысы Әлібек Қалабаев.

Десе де, «Оңайға» алматылықтардың бәрінің бірдей көңілі толмайды. «Мәселен, қосымшаны әзірлеу барысында зағип жандардың сұранысы ескерілмеген», – дейді Дәурен Бәшенов.

«Қосымшаны зағиптар мен көзі нашар көретін адамдар қолдана алмайды. Бізге мүлдем қолжетімсіз. Бұл қала ішінде жүруге үлкен кедергі. Өйткені аялдамаға қандай көлік келе жатқанын білуге мүмкіндік жоқ», - дейді қала тұрғыны Дәурен Бәшенов.

Зағиптар қосымшада дауыстап айтып беретін нұсқаулық болуын қалайды. Осыған қатысты көлік холдингіне бірнеше рет өтініш түсіргенімен, тұщымды жауап ала алмапты.  

«Бұл технологиялық тұрғыдан күрделі өнім саналады. Сондықтан жылдам дайын болмайды. Қашан әзір болатынын анық айта алмаймын. Бұл мәселе біздің назарымызда. Қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді "Оңай" көлік холдингінің жобалау-сараптама бөлімінің басшысы Әлібек Қалабаев.

Алайда қоғамдық автобустар мен троллейбустарда қолма-қол төлем жасайтындар әлі де кездеседі. Яғни жолаушылардың бірқатары сараланған тариф бойынша төлеуге мәжбүр. Қолма-қол ақшамен жол жүру бағасы 150 теңге, ал картаны пайдаланса немесе SMS пен QR-код арқылы төлесе - 80 теңге.