Алматыда 10-шы мерейтойлық «Бастау» кинофестивалі басталды

Алматыда 10-шы мерейтойлық «Бастау» кинофестивалі басталды
Сурет: Egemen.kz

X халықаралық «Бастау» кинофестивалі 2022 жылдың 29 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығында өтеді.

«Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі аясында қандай картиналар көрсетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Отандық кино секциясында Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі көрсетіледі. Айта кетсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін туынды жыл басында 72-ші Берлин кинофестивалінің "Панорама" бағдарламасында бас жүлде – көрермендер сыйлығын жеңіп алған еді.

Сондай-ақ көрермен назарына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген Әділхан Ержановтың «Адемоканы оқыту» және Қазақстан мен Ресей киногерлерінің бірлескен «Тарлан» фильмдері де көрсетіледі.

X Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалінің толықметражды фильмдер байқауына Эльдар Шибановтың «Тау жуасы» дебюттік фильмі қатысады.

2021 жылы бұл фильмнің жобасы байқауды өткізген Италияның Мәдениет министрлігінің қолдауымен құрылған Венеция биенналесіндегі кинозертхана - Biennale College Cinema конкурсының финалисі болды. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде әйгілі Венеция кинофестивалінде оның әлемдік премьерасы өтті.

Режиссердің өзі мойындағандай, ол өз картинасында мүлдем басқа Қазақстанды көрсеткісі келген. Кинокартинада ауылда тұратын хипстер отбасының, тас жолда тау жуасымен сауда жасайтын және ата-аналарын татуластыру үшін Қытайға баратын баланың оқиғасы баяндалады.

Сондай-ақ деректі жобалардың конкурстық бағдарламасына қатысатын Виктор Вилковискийдің «Теңіздің оралуы» ғылыми-деректі фильмі көрермендерге Арал теңізі жайлы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Ал «Бастау» фестивалінің жабылуында Мәди Балжановтың «Сүтті қыз» толықметражды дебюттік фильмі көрсетіледі. Бұл - романтикалық комедия, бүгінде сыншылар оны «Қазақстанның Амелиі» деп те атап кеткен. Соңғы екі фильм де Киноорталықтың қолдауымен түсірілген.

Кинофестивальді Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Tanaris Production кинокомпаниясы ұйымдастырады. Фестиваль серіктестері: Мәдениет және спорт министрлігі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Фестивальге «Хабар», «Алматы», СТВ және Qazaqstan телеарналары, «Эльдорадио» радиосы, «Тенгриньюс» және Lifestyle порталдары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новая газета», «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», «Аргументы и факты Қазақстан» газеттері, Massaget.kz порталы, «Экспресс К», «365 Инфо», Orda.kz және Kazakh24.info сайттары ақпараттық қолдау көрсетеді.