Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері қандай?

Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері қандай?
Сурет: Jambylinfo.kz

Франция астанасы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшылар мен жүлдегерлерге мемлекет тарапынан берілетін сыйақының көлемі белгілі болды. 

Бұл туралы Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы Елсияр Қанағатов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Осыған дейін де Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен спортшыларымыз мемлекеттік сыйақыдан құр қалған емес. Атап айтсақ, чемпион атанған спортшыға 250 мың АҚШ доллары, күміске 150 мың доллар, қола медаль алғандарға 75 мың доллар сыйақы беріліп келген. Бұл дәстүр биыл да жалғасын табады», - деді Елсияр Қанағатов.

Сондай-ақ Олимпиада ойындарында 6-орынға дейін қол жеткізген спортшыларға ынталандыру мақсатында белгіленген қаржылай сыйақы бары белгілі болды.

«Төртжылдықтың басты додасында 4-орынға табан тіреген спортшыға 30 мың доллар, 5-орынды иеленгендерге 10 мың доллар, 6-орынға алғандар 5 мың доллар көлемінде сыйақы алады. Сонымен бірге әрбір жетістікке қол жеткізген спортшылардың жеке бапкерлері де сыйақыдан құр қалмайды», - деп атап өтті Қазақстан ҰОК спорт департаментінің басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесінде басталып, 11 тамыз күні мәресіне жетеді.