Қоғамдық көліктердің жолда жүру тәртібі қатаң бақыланады

 

Алматының автопарктері 400-ге жуық экологиялық таза автобустарды сатып алуды жоспарлауда. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жолаушылар тасымалы саласын дамыту жөніндегі кеңесте айтылды. Алқалы жиында, сондай-ақ, қоғамдық көліктерді жаңарту, кадр тапшылығын шешу мәселелері де талқыланды.

Қала экологиясын сауықтыру мақсатында дизельді автобустарды газбен жүретін автобустармен ауыстыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Дизельді автобустар қала маңына жүретін бағыттарға ауыстырылады. Жалпы, қоғамдық көліктерді толықтай экологиялық таза автобустарға ауыстыру мәселесі 2025 жылға дейін шешіледі.
Бүгінгі таңда қалада жолаушыларды тасымалдау үшін газбен жүретін 352 автобус, дизельді отындағы – 1373, электрлі 14 автобус және 160 троллейбус жолға шығып жүр.
Осы жылы жеке тасымалдаушылар экологиялық таза жанармаймен жүретін 246 автобус сатып алуды жоспарлауда. Оның 208-і – газбен, 38-і электр күшімен жүреді.
Сонымен қатар, жақын арада «Алматыэлектротранс» ЖШС-ның қалған 150 автобусы жеткізіледі деп күтілуде. Көліктерді жанармаймен үздіксіз қамтамасыз ету үшін автопарк жеке жанармай бекетін іске қосты.
Жүргізушілердің жетіспеушілігін шешу үшін «Алматыэлектротранс» ЖШС-да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, тамақ ұйымдастырылып, қажетті киім-формалар сатып алынуда. Ынталандыру үшін сыйақылар төленуде. Ақпан айының өзінде 100 жүргізуші жұмыса қабылданған. Алдағы екі айда тағы 400 адам жұмысқа алынатын болады.
Өткен айда 100 автобус жөнделді, алдағы үш айда тағы 90-ы іске қосылады. Ал жыл соңына дейін қосымша 100 көлік жөнделіп, пайдалануға берілетін болады. Бұл іс-шаралар жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартып, көлік бағыттарының санын көбейтеді. Жүргізушілердің жұмысы диспетчерлік қызмет арқылы бақыланады. «AET» жеке бағыттарында «Сапалы қызмет» пилоттық жобасы іске қосылады.
Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев қоғамдық көліктер тарапынан болатын жол-көлік апаттарын болдырмау үшін барлық автобусқа бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды. Бүгінгі күні жеке тасымалдаушылардың иелігіндегі автобустардың 20%-ы бейнебақылау жүйесіне қосылмаған.
Сондай-ақ, қалалық Полиция департаментіне құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жолға техникалық ақауы бар көліктерді шығарғандары және жүргізушілердің жол-көлік ережесін бұзғаны, жолаушыларға қызмет көрсетуде тәртіп нормаларын сақтамағаны үшін автопарктер басшыларының жауапкершілігін күшейту тапсырылды.
Кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін жақсарту үшін күн құрғатпай жұмыс істеуді тапсырды. Осы сала бойынша цифрландыру деңгейін көтеру және автопарктердің басқару үрдістеріне жаңа технологияларды енгізу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, жеке автопарктердің жұмыстарына бақылауды күшейту және аялдамаларды қалыпты жағдайда ұстау тапсырылды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *