Нұртөре ЖҮСІП, сенатор: Президент стратегиялық шешімдер қабылдады

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор:  Президент стратегиялық шешімдер қабылдады
twitter.com

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміз бойынша қалыптасқан төтенше жағдай мен қоғамдық тәртіпсіздікке қатысты Мәжілісте жасаған мәлімдемесі мемлекетімізде жылдар бойы қордаланып қалған терең әлеуметтік, экономикалық, саяси, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелерін шешуге бағытталды.

Соның ішінде, әсіресе, Президенттің елдегі орын алған жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтап, ел азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының (ҰҚШҰ) көмегіне жүгінуі өте дұрыс шешім болғанын айтып өту керек. Осы мәселеге қатысты елдегі азаматтар арасында ҰҚШҰ әскери контингенттерінің Қазақстанға келуіне орай бірқатар алып қашпа әңгіме, ақпарат тарады. Бірақ, Президент Тоқаев бұл әскери контингенттердің басты миссиясы – елдегі қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге көмектесу, одан кейін алдағы екі күннен кейін ҰҚШҰ әскерлері елден біртіндеп кетеді деп нақты шегелеп айтып өтті.

Екіншіден, Президент Тоқаев тәуелсіздік алғалы бері елде әлеуметтік, бизнес, экономика және ұлттық байлықты игеру саласында қалыптасқан, тамыры тереңге кеткен проблемаларды, ашық айтып, қордаланған мәселелерді алдағы уақытта тиісті дәрежеде шешілетінін баса көрсетуі көңілге сенім ұялатады. Президент осы уақытқа дейін шамадан тыс байып кеткен компаниялар мен олигархтар тобы елдегі бәсекелестікті төмендеткенін баса айтты.

Осы орайда Мемлекет басшысы енді Үкімет халықтың мұң-мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты. Соның ішінде Қазақстан бойынша халық наразылығының басталуына түрткі болған басты мәселе – елдегі қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнімдер бағасының тым шарықтап кетуі. Осыған орай жаңа құраммен жасақталатын Үкіметке макроэкономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және әлеуметтік мәселелерді шешуді қатаң тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет және ұлт үшін осындай қиын қыстау уақытта көрегендік танытып, стратегиялық шешімдер қабылдап, елде болған қасіретті оқиғадан сабақ алу керек екенін айрықша атап өтті.

 Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін, «тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны ауыздықтауды, олигархиялық әділетсіз жүйені жоюды, елдің ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қорғанысын қамал етуді стратегиялық міндеттер ретінде алуы Қазақстанды тұрақтылық пен бейбітшілікке, экономикалық даму мен гүлденуге алып баратынына кәміл сенеміз.