Наурызбай ауданының Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарының тұрғындары үшін жаңа емханалар салынады

Наурызбай ауданының Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарының тұрғындары үшін жаңа емханалар салынады
Сурет: ашық дереккөз

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева ауданда медициналық мекемелерге жүктемені азайту мәселесі қалай шешімін табатынын айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Қазіргі уақытта Наурызбай ауданында төрт емхана, үш аурухана, отбасылық-дәрігерлік амбулатория, екі жедел жәрдем станциясы бар, онда 4500 медицина қызметкері жұмыс істейді. Емханаларда барлығы 165 мың тұрғын тіркелген.

Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарында медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Ақжар шағын ауданында екі емхана мен дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Сондай-ақ, Ақжар және Шұғыла шағын аудандарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Сондай-ақ, Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева оқушы орындарының тапшылығын шешу мәселесіне тоқталды. Бүгінде 4 300 жуық оқушы орны тапшы. Мәселені шешу үшін “Жайлы мектеп” бағдарламасы аясында 3700 орынға екі мектеп салынып жатыр.

«Биылғы қазан айында Құрамыс, Шұғыла шағын аудандарында және Сабденов көшесінде 5500 орындық үш мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қараша айында Шұғыла шағын ауданындағы № 174 мектепке қосымша құрылыс басталды», - деп бөлісті Н. Тоғызбаева.

Қазіргі уақытта ауданда 12 мемлекеттік, 14 жекеменшік және Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі, барлығы 30 мыңға жуық оқушы бар.

Мектепке дейінгі білімге келетін болсақ, Наурызбай ауданында мектепке дейінгі орындардың тапшылығын төмендету үшін 2024 жылдың 1 тоқсанында  “Шұғыла” шағын ауданындағы 320 орындық балабақша ашылады. Сондай-ақ желтоқсан айында “Шұғыла”, “Құрамыс” шағын аудандарында 640 балаға есептелген 2 балабақша құрылысы басталады. 

“Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы 130 балабақшада жүзеге асырылуда. Ата-аналар бағдарлама арқылы 70 пайызға дейін жеңілдік алуда. Яғни, бұл үлкен қаржылай көмек. 2023 жылы мелмекеттен «Балапан» бағдараламасына 3,3 млрд тенге қаржы бөлінген”, - деп қорытындылады спикер.