Намибия президенті қайтыс болды

Намибия президенті  қайтыс болды
regnum.ru

Намибия президенті Хаге Гейнгоб 82 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды. 

Намибияның ең ірі күнделікті басылымы The Namibian-ның жазуынша, аталған елдің басшысы Намибия астанасы Виндхук қаласындағы ауруханада көз жұмған.

Ал вице-президент Нанголо Мбумба марқұм Гейнгобтың 3 ақпан күні таңертең әйелі мен балаларының қасында жан тапсырғанын айтты.

Гейнгоб 2015 жылы Намибия президенті қызметіне кіріскен. Ол 1990 жылдан 2002 жылға дейін бұрынғы президент Сэм Нужоманың әкімшілігі кезінде елдің бірінші премьер-министрі қызметін атқарды.

Гейнгоб соңғы айларда денсаулығына қатысты проблемалармен күресіп келеді. 8 қаңтарда президент өзіне қатерлі ісік диагнозы қойылғанын хабарлады. Кейін, 25 қаңтарда мемлекет басшысы емделуге АҚШ-қа аттанды. Гейнгоб 30 қаңтарда - екі күн емделгеннен кейін Намибияға қайта оралды.

Ол 2015 жылы наурызда Намибия президенті болды және 2019 жылы қайта сайланды. Сондай-ақ 1990-2002 және 2012-2015 жылдары екі рет елдің премьер-министрі қызметін атқарған.