«Мұқағали» көркем фильмі отандық кинотеатрлардан көрсетіледі

«Мұқағали» көркем фильмі  отандық кинотеатрлардан көрсетіледі
Сурет: Egemen.kz

Ақиық ақынға арналған фильм көрерменге жол тартады

21 қазаннан бастап «Қазақфильм» түсірген «Мұқағали» көркем фильмі отандық кинотеатрларда жарыққа шығады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Фильмнің режиссері – танымал қазақстандық режиссер Болат Қалымбетов. Картинаны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірді.

Түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында басталып, Санкт-Петербург, Алматы және Алматы облыстарында жалғасты. Режиссердің айтуынша, картина ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды.

«Біз фильмде Мұқағали Мақатаевтың есейген кезімен, Қазақ КСР Жазушылар одағының ақынның тағдырын отырыста шешкен уақытымен танысамыз», - деді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.  

Туынды сценарийінің авторлары – Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов, Ғазиз Насыров. Қоюшы операторы – Едіге Несіпбеков, ал қоюшы суретші – Ермек Өтегенов. Композиторы – Никита Карев, продюсері – Алмат Масалим.