Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының президенті: Бұл жағдайды жақсы түсінемін

Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының президенті: Бұл жағдайды жақсы түсінемін
сурет: Almaty-akshamy.kz

Бірінші кезекте Қазақстан халқына, әсіресе, әскерилердің отбасыларына, жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Өзімнің туып-өскен қалам - Арыс қаласы. Сондықтан бұл жағдайды жақсы түсінемін. 2 жыл бұрын Арыста да тура осындай трагедия орын алғаны ел есінен әлі кете қоймаған еді. Бұл жантүршігерлік жағдай халықтың жүрегін тағы бір қозғап кеткені анық. Қару-жарақ сақтайтын қойма жарылды. Менің бір түсінбейтінім, бұл не деген жарыла беретін қару-жарақ? Егер ол осындай қайғы әкелетін болса, оны неге сақтаймыз? Алдымен қару-жарақты қауіпсіз түрде сақтай алатын қоймамыз болу керек. Содан кейін барып қару-жарақ жинауға болады. Ал бізде керісінше. Екіншіден, осы жағдайда әділ шешім қабылдану керек. Бұл жағдайды әскерилерге жауып, оларды қылмыскер атандыруға болмайды. Әскерилердің ешқандай жазығы жоқ. Бұл - жүйенің қателігі. Іске қатысы жоқ адамдарды айыптағаннан мәселе шешілмейді. Сондықтан жүйені  жөндеп, апаттың салдарын анықтау қажет.

Жарылыс кезінде оқиға орнында қаза болған әскери қызметкерлердің жақындарына Аллам сабыр берсін! Марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіліп, жәрдем берілу керек. Бала-шағасына көмек көрсетілсін деймін. Олар бүгінгі күннің батырлары! Өйткені олар халқы үшін аянбады, өздерін аямады.