Монеталарда мән бар

Монеталарда мән бар
aqmolanews.kz

Соңғы уақыттарда елімізде коллекциялық монеталардың жиі шығатынын байқап жүрміз. Олар тарихи-мәдени құндылығы бар мерейтойлық күндерге, тарихи тұлғаларға, маңызды оқиғаларға шығарылады. Алайда, саны шектеулі. Себебі, олар бағалы. Ерекше металдардан жасалады. Дизайны да өзгеше.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылды­ғына орай 2020 жылы қыркүйекте коллекция­лық монета сатылымға шығарылған. Монета­лардың сырт жағында Абай Құнанбаевтың мүсіндік портрет бейнесі түрлі-түсті бейнелеу технологиясын қолдана отырып орындалған. Портреттің оң жағында – қазақтың киіз үйі де­коры түріндегі ою-өрнек таспасы салынған. Номиналы 500 теңгелік монета күмістен соғыл­са, 100 теңгелік мельхиор және нейзильбер қоспасынан жасалған. Айналымға күмістен жасалған номиналы 500 теңгелік ақшаның 1500 данасы дайындалды. 100 теңгеліктердің мельхиор қоспасынан 8000 дана, нейзильбер қоспа­сынан 7500 дана шығарылған.

Сондай-ақ, ақын Жамбыл Жабаевтың туға­нына 175 жыл толуына орай Ұлттық банк номи­налы 100 теңгелік JAMBYL. 175 JYL коллек­циялық монетасын айналымға шығарды. Монетаның реверсінде Жамбыл Жабаевтың портреттік бейнесі, орталығында «Артықша туған азамат» өлеңінің бірнеше жолы орналас­тырылған. Оң жағында ою-өрнек үзінділерінен жасалған домбыра контурының айшықты бей­несі мен мерейтой датасын білдіретін «175 JYL» жазуы орналасқан. Монета 25 мельхиор қоспасынан, номиналы 100 теңгелік, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы brilliant uncirculated, таралымы 15 000 дана болып дайындалған.

Былтыр елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғына арналған TÁÝELSIZ QAZAQSTANǴA 30 JYL коллекциялық номиналдары 5000 және 500 теңгелік күмістен және номиналы 100 теңгелік мельхиордан жасалған монеталарды сатылымға шығарды. Дизайны біртуар тарихи тұлғалардың портреттік бейнелері орналастырылған Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы үлгідегі банкнотта­рының бірінші сериясымен символдық байла­нысын көрсетеді. Композиция визуалды порт­реттік қатарды аяқтап, мемлекет тарихындағы мерейтойлық кезеңді логикалық түрде білдіреді. Күмістен жасалған монеталар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ- тың нөмірлік сапа сертификаттары бар кәдесый орамында шығарылды.

2021 жылдың 30 қарашасынан бастап «Дала қазынасы» сериясымен шыққан JETI QAZYNA коллекциялық монеталары сатылымға шықты. Алтыннан, күмістен және мельхиордан дайын­далған коллекциялық монеталары барлық жеті дала қазынасының көркем бейнесін бір монета­да көрсетеді. Техникалық сипаттамалары жағы­нан олар номиналы 100 теңгелік монеталарға ұқсас. Оларда «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ақыл- білім» «Жүйрік ат», «Құмай тазы», «Қыран бүркіт», «Берен мылтық» бейнеленген.