Мен үшін ақша емес, жақсы адамдар құнды

Мен үшін ақша емес, жақсы адамдар құнды
almaty-akshamy.kz

    Өмірде сан тағдырлы адам бар. Олардың тіршілігі де сан бояуға боялған. Бірінің бояуы қанық, көз тартар әдемі болса, кейбірінің тағдыры, өкінішке қарай, қара, қошқыл түстерге боялған. Бұл – өмір!..

     

    АНАМ

    «Бала күнімде анама «менің әпкем не інім жоқ» деп жиі шағымданып, үйді басыма көтеріп жылай кететінмін. Кеш тұрмысқа шыққанын бетіне баса беруші едім. Ал жуырда маған дейін бір баласы және күйеуі болғанын, екеуінің де жол апатынан көз жұмғанын естіп қалдым. Одан соң менен кейін құрсағына біткен екі шаранасы да түсіп қалғанын, денсаулығына байланысты бір рет түсік жасатқанын білдім. Енді өзімді жек көріп отырмын, бір кездері анамның жан жарасын тырнап, ауыртқаным үшін. Ешқашан өткеніне шағымданбай, менің көңілімді аялай білген жанды қалай ренжіттім екен...».

     

    ТЫЛСЫМ

    Мен үлкен әжемнің қалай қайтыс болғанын көрдім. Төсекке таңылып жатты. Тамағынан ас өтпейтін. Қан қысымы да түспей қойған. Бір күні ол орнынан тұрып, төсегін өзі жинай бастады. Әдемі киініп алды. Біз әбден таң қалдық. Бүкіл денесі сығылып қалған лимондай болған әжемнің бұл әрекетіне есіміз шығып кетті. Тіпті, тамақ істеп жүріп ән салды. Біздің: «Сіз жақсы болып қалдыңыз ба?», – деген сұрағымызға: «Әрине, өздеріңіз көріп тұрғандай, ас дайындап жатырмын. Мені анда күтіп отыр. Коля, сені де күтіп отыр», – деді әжем. Әжем сол күні түнде ұйқысынан оянбай қалды. Ал Коля (біздің туысымыз) бір айдан соң жол апатынан көз жұмды».

     

    ҚАЙҒЫ

    «Әкем бес жыл бұрын обыр дертінен көз жұмды. Анам теңіз жағасынан үй сатып алып, сонда тұруды шешті. Себебі, туған қаламыздағы әкем жүрген әр көше, әр бұрышы анама өткен күндерін еске түсіре беріп, қиналып кетті.

    Енді барлық таныс, барлық дос-жаран кенеттен анам туралы ойлай қалыпты, теңіз жағасына, біздікіне келіп тұрғысы келетіндер қатары көбейіп кетті. Ал бір кездері біз қара жамылып, қайғыдан бас көтере алмай жатқанда, олардың бәрі қайда болған?..

     

    ЖІГІТТЕР

    «Метрода. Соңымнан екі сымбатты жігіттің келе жатқанын байқадым. Біреуінің қолында гитара. Өздері көңілді. Олармен танысқым келіп кеткені. Бірақ қалай тілдесерімді білмей, кенеттен сүрініп кеткен түр көрсеткім келді. Сонда екеудің біреуі көмекке ұмтылар деген ойым ғой. Нәтижесінде өтірік «құлап» бара жатып, қолымды шын сындырып алдым. Ал жігіттер көмек қолын созған да жоқ».

     

    БАҒАЛЫ

    «Мен жақсы табыс таба бастадым. Үнемі ақшалы жүретінімді байқаған достарым менен қарызға ақша ала бастады. Иә, қарыз сұрғандарға бере беремін, бірақ тым көп көлемде бермейтінмін. Сосын «бұл қаражатым пәтер алуға жинап жүрген ақшамнан еді, сондықтан асықпай, айдың аяғына таман берсең де болады» деймін. Бәрі қуана келісе кетеді. Бірақ көбі қарызын қайтармайды. Ондайлармен бірден байланысымды үземін. Ал алған ақшасын уақытында қайтарып, рахметін айтатын достарыма реті келген сәтінде сол ақшаға сыйлық алып сыйламын. Мен үшін ақша емес, жақсы адамдар құнды».

     

    ҚАТЫГЕЗ

    «Менің шешем өте қатыгез адам. Әжемді де жылатып қоятын, атамды да ұратын, тамақ бермейтін. Қарындасым екеуімізді көршілердің көзінше өлімші етіп сабап тастайтын. Бес жасымда мұрным сынған, денемізде күйіктің ізі көп болатын. Менің балалық шағымнан ең сұмдық естелігі – мысықтарымыздың бәрін қинап өлтіріп тастайтын. Бірде кішкентай марғауымның танауына қызыл бұрышты өлгенше құйып, үстіне қайнаған суды төгіп жіберіп, далағы шығарып тастағаны бар. Мысығыма араша бола алмадым. Өйткені, қорықтым, оның кейпін өзім киер едім сол кезде.

    Қазір есейдім. Басқа қалада тұрамын. Шешеммен өте сирек көрісемін. Себебі, оны болмаған балалық шағым және қатты жарақаттанған психикам үшін жек көремін!».

     

    БАҚЫТ

    «1993 жылы біздің әулетте 18 адам көз жұмған екен. Олардың ішінде әкем мен кішкентай бөле қарындасым бар. Анам айтады, қабырғаны қайыстырған сол бір ауыр жылы менің өмірге келгенім ең үлкен жалғыз бақыт болып саналған екен. Әйтпесе, қайғыдан көз ашпай жүрген анамның сол жылы түсік тастауы да мүмкін еді...».

     

    БЕЙТАНЫС

    Ғылыми жетекшіме «Әкемнің жүрек талмасы ұстап қалды. Айыпқа бұйырмаңыз, бүгінгі белгіленген кездесуге бара алмаймын» деп  SMS-хабарлама жазып жібердім. Бір кезде менің нөмірден қателескенім туралы жауап келді. Шынымен де уайыммен жүріп жетекшімнің нөмірін дұрыс қарамаппын. Бірақ іле-шала әлгі нөмірден қоңырау түсті. Тұтқаның арғы жағынан «уайымға берілмеңіз, бәрі жақсы болады, мен сіздің әкеңіз үшін дұғада боламын» деді бейтаныс адам. Арада болған осы бір қысқа ғана әңгімеден соң жүрегім тынышталғандай болды».

     

    Аударған Нұржамал ӘЛІШЕВА.