Мемлекет бюджетіне айыппұлдан 78 млрд теңгеден астам қаржы түсті

Мемлекет бюджетіне айыппұлдан 78 млрд теңгеден астам қаржы түсті
Сурет: Ашық дереккөзі

Комитет пен оның аумақтық органдарының прокурорлары 426 заңсыз тексерулердің жолын кесті

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткіші 72%-ды құрады, ал мемлекет бюджетіне айыппұл төлеуден түскен қаржы көлемі 78 млрд теңгеден асады.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурсыаның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің 9 айындағы атқарған жұмыстарын қорытындылаған аталған комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай жедел кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ол келтірген деректерге қарағанда, қазіргі таңда қылмыстық істердің 90% - дан астамы электрондық форматта тергелуде.

Электрондық форматта ресімделетін әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалардың саны 6 млн-нан астам немесе жалпы санының шамамен 90%-ын құрады.

Тексерулерді есепке алу саласында Комитет пен оның аумақтық органдарының прокурорлары 426 заңсыз тексерулердің жолын кесті, ал мораторийге байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілетін тексерулер 80% - ға төмендеген.

Мемлекет басшысының биылғы 19 мамырдағы отандық бизнес өкілдерімен өткен кеңестің қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау аясында Комитет «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпкерлікпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды есепке алу жұмыстарын жүзеге асыруда.

Аталған функционал осы салада басталған сотқа дейінгі барлық тергеулерді қадағалауға және бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдармен бірлесіп «таза парақтан реттеу» жаңа саясатын енгізу, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту және мемлекеттік бақылауды автоматтандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.