Математика және жаратылыстану бойынша Қазақстан ТОП-50 елдің ішіне кірді

Математика және жаратылыстану бойынша Қазақстан ТОП-50 елдің ішіне кірді
Сурет: Gov.kz

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA-2022 халықаралық бағдарламасының нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Онда 81 мемлекеттен қатысқан 15 жастағы білім алушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бағаланды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі хабарлады.

Қазақстандық оқушылар жаратылыстану пәні бойынша өз көрсеткіштерін 26 ұпайға көтерді. Сол арқылы қатысушы мемлекеттер арасында ең жоғары өсімге қол жеткізді және математика мен оқу көрсеткіштерін ЭЫДҰ-ның сегіз елімен бірдей деңгейде сақтап қалды. Бұл Қазақстанның математика және жаратылыстану бойынша ТОП-50 елдің ішіне кіруіне мүмкіндік берді.

Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-шы (2018 ж. 54-орын), оқудан 61-ші орын (2018 ж. 69-шы), жаратылыстану пәні бойынша 49-шы орынды (2018 ж. 69-шы) иеленді.

Айта кету керек, PISA-2022 нәтижелері бойынша еліміздегі қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасының алшақтығы азайғаны байқалады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, отандық білім саласының дамуы бірқатар факторларға байланысты.

«Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне үздіксіз көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауының арқасында осындай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беруді, инфрақұрылымды дамыту, балаларымыз үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету шаралары білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Білім саласын дамытудағы мемлекеттік ұстанымның дұрыстығы айқындалды. Осы бағыттағы жұмысты күшейте түскен жөн», - деді министр.

Айта кету керек, Оқу-ағарту министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" кадрлық резервін қалыптастыру және менеджментті нығайту; 21 ғасырдағы дағдылар мен құзыреттерді дамыту үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру; Дайындық тәсілдерін жетілдіру, педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру; "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде жаңа мектептер салу, қалған білім ошақтарын жаңғырту, инфрақұрылымын дамыту; Сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау. Бұл шаралардың барлығы биыл Үкімет қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» қамтылған.