Мамандар алматылық автосалондар монополияға қарсы заңнаманы бұзғанын айтты

Мамандар алматылық автосалондар монополияға қарсы заңнаманы бұзғанын айтты
Сурет: Autonews.ru

Нарық субъектілеріне мұндай бұзушылықтарды тоқтату және олардың алдағы уақытта қайталамау туралы хабарламалар жіберілді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қаладағы ірі автосалондардың әрекетінен монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz сілтеме жасап.

«Жаңа автокөліктерді сату нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдау нәтижелері, сондай-ақ Алматы қаласы прокуратурасының материалдары негізінде бірқатар автосалондар әрекеттеріне қатысты, үстем жағдайды теріс пайдалану бөлігінде,  тұтынушыларға қосымша тауарларды таңу және автокөліктерді сату бойынша қызметтер көрсетуде, Қазақстан Республикасының бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері анықталды», – деп хабарлады агенттік.

Биылғы жылдың 27 маусымында аталған нарық субъектілеріне мұндай бұзушылықтарды тоқтату және олардың алдағы уақытта қайталамау туралы хабарламалар жіберілді.

«Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына сәйкес, нарық субъектісі хабарламада көрсетілген әрекеттерді белгіленген мерзімдерде тоқтатпаса, монополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды. Хабарламаны орындаудың және оның орындалғаны туралы ақпаратты ұсынудың соңғы мерзімі оны нарық субъектісі алған күннен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды», – деп хабарлады агенттік.