Мәжілісмен Ұлттық ұланда болды

Мәжілісмен Ұлттық ұланда болды
almaty-akshamy.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Константин Авершин Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен 5571 әскери бөліміне арнайы іссапармен келіп, әскери құрылымның тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездесу барысында құқықтық тәртіп әскерінің қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде елеулі әсер ететін бірқатар мәселелер айтылып, Ұлттық ұлан әскерінің тыныс-тіршілігіне қатысты қордаланған сұрақтар талқыланды.

Одан соң халық қалаулысы өңірлік қолбасшылыққа іргелес орналасқан 5571 әскери бөлімінің жауынгерлік әзірлігімен және олардың үй-жайлары, тұрмыс-тіршілігімен жақын танысты. Сонымен қатар, бөлімнің әскери техникасын, атыс қаруы мен жеке құрамның арнайы жабдықтарын қарап өтті. Тұрмыстық үй-жайларды, сарбаздар асханасы мен емдеу бөлмелері бар санитарлық бөлімдерді аралап, түйінді мәселелерге көңіл аударды.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты қолбасшылық тарапынан айтылған мәселелер басты назарда болатынын, шешімін табуына күш салатынын жеткізді. Сондай-ақ, құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамына алдағы уақытта да әскер мен мемлекетті нығайтуға лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.

– Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төл әскеріміздің әлеуеті берік, шекарасы шегендеулі болуы керек. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша әскердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету, үй-жайларды, әскери техниканы, қару-жарақты жөндеу жөніндегі проблемалармен таныстым. Әрине, олар бірден шешілмейді, бірақ жан-жақты көмек көрсетіледі. Мәселені билікке жеткізіп, оң шешімін табуға барынша күш саламыз, – деді К.Авершин.