Мәжіліс депутаттары алматылықтарды қала күнімен құттықтады

Мәжіліс депутаттары алматылықтарды қала күнімен құттықтады
Сурет: Egemen.kz

Алматы қаласынан шыққан депутаттар да мегополис тұрғындарын қала күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматыда талай жыл қызмет етіп, түрлі жылдары қаланың жастар саясатында басшылық еткен Елнұр Бейсенбаев 2019 жылы Астанаға ауысқан еді. Қазір мұқым елдің мұң-мұқтажын мінберде көтеріп жүрген халық қалаулысы, әсем қала Алматыны ұмытпайтынын айтады. Шаһар жұртын мерекемен құттықтаған ол ыстық ықыласын білдіріп, тілекші екенін жеткізді.

«Тәуелсіздігіміздің тал бесігі, алтын бесігі Алматы қаласында талай саяси өзгерістер орын алған. Ол Желтоқсан оқиғасынан бастап алатын болсақ, шынайы түрде 30 жылдық мына саяси аренадағы азаматтық позицияларын нық айта білетін, кез келген өзгерістерге ащы да болса даусын жеткізе білетін, сонымен қатар әр түрлі эксперттік ортада сапалы ой айта білетін осындай белсенді алматылықтарды бүгінгі шынайы Алматы күнімен құттықтаймын. Алматы – ол тәуелсіз Қазақстанның шынайы бет келбеті деп есептеймін», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев

Ару Алматыны жетінші шақырылымның депутаты Айдос Сарым да құттықтады. Мәжілісмен тәуелсіз Қазақстанның талай маңызды құжатына қол қойылып, түрлі салмақты шешімдер қабылданған қала, ел жүрегі болып мәңгі қалады дейді. Оның ойынша, көптеген жасты мықты маман етіп дайындайтын мегаполис бұдан да даму керек.

«Алматымызды аялайық. Алматымызды сақтайық. Алматы – еліміздің жүрегі. Алматы – еліміздің шын мәніндегі ақыл, ойы топтасқан жиналған жері. Сондықтан мына тарихтан сабақ алған ел болсақ, біздер алматылықтардың жаңа ұсқынын жасап, Алматының қайтадан алдағы уақытта да өзінің көшбасшылық позициясын сақтауға бастайтын өзгерістерге жол ашайық дер едім», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.