Мұражайға барасыз ба?

Халқымыздың бүкіл өмірін көз алдыңнан өткізіп, сан ғасырлық тарихын баяндайтын бірден-бір орын, ол – мұражай. Біле білсек, мұражай – мәдени мұра, сырлы әлем.

Елбасының «Рухани жаңғыруында» «Туған жер» атты бөлім бар. Міне, осы бағдарлама аясында елімізде жаңадан музейлер ашылып, тарихи орындар қорғауға алынып жатыр. Бұған жүрегі елім, жерім деп соғатын кез-келген ұлтжанды азаматтың қуанғаны анық.

Әлбетте, біздің мұражайлар Францияның Лувры, Ресейдің Эрмитажы секілді әлем көз тіккен мәдени орындар деңгейіне жете қойған жоқ. Десек те, біздің ел өзінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мұражайларға бай. Өкініштісі, бізде мұражайға баратындардың саны азайып барады. Кейбіреуіміз оған тіпті қызықпайтын секілдіміз. Неге? Мәселен, сіз мұражайға барасыз ба?

 

 

ЕРМЕК,

қала тұрғыны:

 

Мұражайға жарнама керек

– Шынымды айтайын, мұражай дегенді білем. Бірақ барып көрмеппін. Әрине, қолың бос кезде көргің келеді. Алматыда тұрсам да «әне барам, міне барам, келесі жолы барам, қайда қашар дейсің» деп жүрмін арқамды кеңге салып. Бәлкім, қызығушы­лығымды арттыра алмай жүрген шығармын. Меніңше, мұражайға жарнама керек. Сериалдардың арасындағыдай қайта-қайта еске салатын. Содан ақпараттанасың. Ал бір барып сұлулықты сезінген адам екінші ретте барғысы келетін сияқты. Мен, сол, барғым келеді, бірақ тартылыс күші жетпейтін сияқты.

 

 

А.Қасымбай,

«Мерейлі  ұстаз» газетінің Бас редакторы:

 

Мұражайға қызығу – бала кезден бастау алуы тиіс

Мұражай мен үшін демалыс орны. Көкірек көзіңді ашудың бір әдісі. Көркем әлемге көз салып, өнерге, шығармашылыққа құмарта білудің жолы. Талай көркем дүниеге, пейзажға қарап тамсана «Қалай жасады, қалай салды» деп өзгенің өнеріне сүйсіну, қызығу. Әсем де баяу әннің тербелісімен мұражай дүниесіне үңіле отырып, көңіл сарайыңды ашу. Алматыдағы мұражайлардың денін араладым. Көрдім. Орталық мұражай мен Қастеев мұражайының әлемін араладым.  Кейде Арбаттағы галереяны тамашалағанды жақсы көрем. Бірақ кәзір Арбаттағы сол үрдісті таппай жүрмін. Райымбек ауданы, Қайнар ауылында ұстаздарымыз мұражайға оқушы кезімізден қызығушылығымызды оятты. Өнерге құмартып өстік. Бала көңілмен бәріне таңғала қарайтынбыз. Ал Қарасазда М.Мақатаев мұражайы ұнайды. Іші кірсе шыққысыз. Мақатаев жүріп өткен жолдың ізі сайрап жатыр. Ақын өлеңінен сусындаған әр қазақты аппақ сарай алыстан шақырып тұратындай. Қарасаз ауылында мұражай көріп өскен балалар Алматыға келген соң да мұражайдан қашпайды. Өйткені, олар мұражай әлдебір көркем дүние, естеліктерден сыр шертетінін біліп өскен. Айтпағым, мұражайға адамды кішкене кезінен үйрету керек. Мұражай мен үшін мәдениетті болудың үлгісі.

 

Ерлан Керімбаев,

қала тұрғыны:

 

Елін сүймейтін адам тарихқа қызықпайды

– «Өткенсіз болашақ жоқ» деген. Жалпы, мұражай мемлекет үшін өте қажет деп ойлаймын. Музей еліміздің, жеріміздің өткен тарихынан бүгінге дейінгі өмірінен сыр шертетін киелі мекен. Олар ұстанған бағытына қарай бірнеше түрге бөлінген. Ұрпаққа үлгі болар ұлы адамдардың өмір тарихын баяндайтын, ұлттық аспаптар секілді, т.б. жеткілікті. «Мұражай не үшін керек? Соншама қаржы шығындап…» деп жататындар бар арамызда. Мен оған келісе бермеймін.

Шынында да бүгінде мұражайға баратын адамдар сиреп барады. Кейде, тіпті, сол жерлерге жастарды мәжбүрлеп апарып жататындарды да көріп қаламыз. Оған себеп – бізде мұражайға деген қызығушылықтың төмендігі. Егер мектеп бағдарламасына тарих сабағының жартысынан көбін мұражайда өткізуді енгізсе, көзқарас өзгерер ме еді.

Бұл жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз. Елін, жерін сүймейтін адам тарихқа қызықпайды. Сондықтан олардың мұражайға барулары екіталай.

 

 

Қуаныш Мұқан,

инженер-геолог:

 

Киелі орын деп білемін

Мен үшін мұражай – іздену орны. Өткен мен бүгіннің және болашақтың арасындағы бай­ланыстың көзі. Уақыт құмы бүркеген ескі іздердің құпиясына үңілу. Көненің көзі болған туынды­лардың құпиясын қазбалау, уақыттың аяусыз тезінен тозбай өткен өнер жақұттарының сырын ақтару.

Қарапайым өлкетану мұражайынан бастап, арнайы тарихи, тіптен геологиялық, жағрапиялық болсын, танымдық мұражай рухани  қазынамыз.

Адам жаратылысы құпияны тануға, өткенді зерделеп, ұғынуға ұмтылып тұрады ғой. Өйткені, мұражай – киелі орын.

 

 

Әзірлеген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *