Күйзеліс кесірі зор

Күйзеліс кесірі зор
Сурет: Qazaqstan.tv

Бүгінгі таңда депрессия өршіп тұрған сырқаттар қатарында аталып жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір әлемде депрессияға шалдыққан науқастар саны 250-350 млн шамасында болып тұр. Ал аталған сырқаттың Қазақстанда таралуы орташа әлемдік деңгейден де асып түскен көрінеді. Бұл туралы ranking.kz сайтында жазылды. Аталған дереккөзге жүгінсек, депрессияның таралуы жөнінен еліміз 180 мемлекеттің арасында 93-нші орынды еншілепті.

Жалпы, депрессия суицидке апарып соқтыруы жөнінен әлемде 1-орынға шыққаны белгілі. Жүрек-қан тамырлары аурулары мен жұқпалы ауруларды үнемі өкшелеумен келе жатқан ол, бүгінде тіпті оларды басып озған сыңайлы. Әсіресе экономикалық деңгейі мен тұрғындарының әл-ауқаты төмен ел тұрғындарында депрессиялық синдром жиі байқалатыны және оны бастан өткергендердің 65-85 пайызы арнайы көмекке жүгінбейтіні айтылуда.

Әдетте, депрессия жағдайындағы адам өз-өзін кінәлау, өзін қор сезіну, ешкімге керексіз, ештеңеге жарамсыз, түкке алғысыз санау сияқты сезімдерді бастан кешеді. Көп жағдайда осы дәрменсіз күйінен қысылғандықтан да, оны біреуге айтуды, көмек сұрауды ұят санайды. Бұдан бөлек, өзінің депрессиялық жағдайда жүргенін аңғармайтын, тіпті не себепті салы суға кетіп, еңсесін көтере алмай жүргенін түсінбейтін жандар да жетіп артылады. Адамның мұндай жабығыңқы, торығулы күйі жалпы алғанда «депрессия» ретінде сипатталғанымен, оның да түр-түрі, сатылары бар екенін көпшілігіміз біле бермейміз рас. Ал оның белгілері, түрлері қандай? Оған не себеп? Ең бастысы, қалай алдын алуға болады?..   

Осы «депрессияда жүрмін» деген сөзді соңғы уақытта шынымен де тым жиі естиміз. Ал ондай адамнан жағдай сұрай қалсаңыз, ол көңіл күйінің жоқ екенін, ештеңеге зауқы соқпайтынын, қызықпайтынын айтады, ойының шашыраңқы екеніне, зейінін шоғырландыра алмайтынына қынжылады, өз-өзіне деген сенімі жоғалғанын, өзін төмен санайтынын байқайсыз, жақсылықтан үміттенбейтінін, бәрінен торыққанын, түңілгенін сезесіз. Қысқасы, ештеңені қаламайды, ештеңе істегісі келмейді, оған ештеңе қажет емес. Бұл, біріншіден, күйзеліс; екіншіден, өз-өзіне деген сенімнің жоғалуы. Ал «күйзеліс» дегеннің өзі не?» дегенде, мамандар «адамның өзі айналысатын қызметінде белсенділігін жоғалтуы арқылы көрінетін және соның салдарынан туындайтын мәселелердің шиеленісуіне алып келетін синдром» деген ұйғарымға келген. Яғни, апатия сияқты, күйзеліс те – депрессияның бастапқы сатыларының бірі. Мұндайда адам өзі бұрын айналысқан, жақсы көрген нәрселерінің бәрінен ләззат алудан қалады. Бұрын кино көргенді, концертке барғанды немесе достарымен араласқанды ұнатқан болса, қазір оған мүлде зауқы соқпайды. Бұдан бөлек, адамның жады, зейіні, сөз сөйлеуі тәрізді ақыл-ой процестерімен байланысты функцияларының тиімділігі де  төмендейді.

 Күйзелістің тағы бір ерекше әрі қауіпті белгісі – адам үнемі жағымсыз, жаман ойларға беріле бастайды және оның барлығы әрқашан тек өзіне қатысты болады. Күйзелістегі адам «жұмысым жаман» деп айтпайды, «мен жаманмын», «мен дұрыс істей алмай жүрмін», «қолымнан ештеңе келмейді» деп, өзі туралы үнемі жағымсыз ойда жүреді. Бір жағынан, мұның бәрі шаршағандықтан болар деп өз-өзін жұбатуға да тырысады. Бірақ мамандар шаршау деген адамның шамадан тыс жұмыс істеп, қатты титықтауы екенін айтады, ал күйзелісті бірдеңеге қатты мазасыздану, жабырқау, торығу белгісі ретінде сипаттайды. Енді осы немен байланысты дегенде, бұл адам өзінің алдына қоятын ерекше стандарттардан, міндеттемелерден туындайтынын меңзейді. Яғни кім болса да әлдебір жетістікке жетуге, өз-өзін дәлелдеуге тырысады, белгілі бір ортадағы өзінің маңызын сезінгісі келеді. Бірақ оған қол жеткізу ылғи да мүмкін бола бермейді және оның салдары адамды өзінің сол ортадағы беделі, біліктілігі, абыройы туралы келеңсіз, теріс ойларға жетелейді. Мамандар оған жол бермес үшін адам өзіне шамадан тыс, артық міндеттеме алмауы тиістігін ескертеді. Демек бірдеңені жоспарлағанда мүмкіндігіңізді бағамдамастан, 100 пайызды былай қойып, тіпті «мен бұл нәрсені 110 пайызға жүзеге асырамын» деп уәде етсеңіз – бұл ертең өзіңізге артық бас ауруы болып жабысуы мүмкін.  

Адамның ресурстық мүмкіндігі, белсенділігі шексіз емес. Өкінішке қарай, біз шаршаған ағзаның қалпына келуі үшін демалыс қажет екенін ескере бермейміз. Әрқашан уақытымен ұйықтау, тамақтану және спортпен айналысу күнделікті дағдыға айналуы шарт. Сонымен қатар жүйелі ойлауға, ойлануға көмектесетін когнитивті техникаларға жүгінудің де көмегі көп. Бұл орайдағы ең абзалы – кітап оқу мен медитация жасап үйрену болса керек. Күйзеліс – психоэмоционалдық ахуал десек, оны адам өзінің ерік-жігері, өмірге, өзіне деген дұрыс көзқарасы, қарым-қатынасы, өз-өзіне сенімділігін арттыруы арқылы жеңе алады. Асқынған жағдайда ол бара-бара клиникалық күйге, яғни депрессияға ауысады. Ал одан психолог, психотерапевт сияқты арнайы мамандар көмегінсіз шығу екіталай.     

Қалай болғанда да, біз робот емеспіз, адамбыз. Жалығу, жабығу, торығу, тарығу сияқты адамға тән сезімдердің, көңіл күйдің ешқайсысы бізге жат емес. Ол – кімнің де болсын басынан өтетін жағдай. Тек өмір осымен бітпейтінін, әр қиындықтың артында бір жеңілдік, бір жақсылық бар екенін түсіну, үміт үзбеу маңызды.