Алматыда жаңа мектеп спорт алаңдары көптеп салынуда

Алматыда жаңа мектеп спорт алаңдары көптеп салынуда
almaty-akshamy.kz

Алматының барлық аумағында жаңа заманауи мектеп стадиондары мен ойын алаңдары пайда болады. Қазіргі уақытта 40-тан астам қалалық мектеп алаңдары қайта жаңартылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz


Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазіргі таңда спортпен шұғылдану, салауатты өмір салты басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

 «Біз жоғары деңгейдегі спорттық бағыттағы қауіпсіз алаңдар жасағымыз келеді», - деді білім басқармасының басшысы.

Ләззат Жылқыбаева Алматы қаласы білім басқармасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қазіргі уақытта №10, 42, 63, 93, 94, 104, 128, 173, 181, 189 мектептердің 8 спорт алаңын және көп салалы колледжді жаңғыртуда екенін баса айтты.

«Инвестиция көлемі 400 миллион теңгеден асады. Бұған дейін осы жобалар аясында №40 және 95 мектептердің аумағында спорт алаңдары жаңартылды», - деді білім басқармасының басшысы.

Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, жаңа спорт алаңдары мектеп оқушыларын қызықтыратын орынға айналады. Сондықтан жергілікті бюджет есебінен 2021 жылы 33 мектептің - №151, 185, 179, 169, 184, 149, 82, 180, 182, 133, 130, 16, 67, 144, 34, 90, 38, 60, 69, 102, 66, 29, 28, 98, 186, 192, 187, 32, 71, 89, 106, 83 және №1 балалар үйіндегі спорт алаңдары жаңғыртылуда. Бұл шараларға жергілікті бюджеттен 1 млрд астам теңге қарастырылған.

Биыл Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік тапсырысымен қала мектептерінде оқушыларға арналған спорт секциялары ұйымдастырылады. Айта кетерлігі, жаттықтыру жұмысымен айналысатын дене шынықтыру мұғалімдерінің айлықтарына үстемақы қосылады.