1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түсті

1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түсті
Сурет: Aikyn.kz

Балалардың 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдады.

Республика бойынша балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ата-аналарға құжаттарды тезірек тапсыруға кеңес береміз, өйткені қабылдау 1 тамызда аяқталады. Содан кейін мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулық тарату, сыныптарды қалыптастыру және басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Құжат қабылдау басталғанына үш ай өтті және осы уақыт ішінде 320 мыңға жуық өтініш түсті. Оның 82%-ы электронды форматта қабылданды», - деді Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің үлесі 70%-ке жуықтаған. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Қызылорда (92,4%), Түркістан (89%) және Маңғыстау (87,1%) облыстарында тіркелді.

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында 400 мыңнан аса бүлдіршін 1-сыныпқа барады деп болжап отыр.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталды, 1 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін құжаттар egov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Сондай-ақ құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыруға болады.