Құтқарушылар алматылықтардан тауға бармауды өтінді

Құтқарушылар алматылықтардан тауға бармауды өтінді
Сурет: Inform.kz

Адамдардың өтуін шектеу үшін блокпостар қойылды.

Алматыда профилактикалық қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Таулы жерлерде жауын-шашынның түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты Кіші және Үлкен Алматы су алаптарында 25-28 наурыз аралығында қар көшкіні қаупі сақталады. 

«Бүгін «Шымбұлақ» аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Аваланчер» пневматикалық қондырғы арқылы Кіші Алматы өзені бассейнінде көшкіндерді түсіру бойынша алдын алу профилактикалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 600 текше метр қар тасталды», - деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар, таулы жерлерде қар көшкіні қаупінің болуына байланысты және төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында Медеу, Шымбұлақ, Тұйық су шатқалында автокөліктер мен адамдардың өтуін шектеу үшін блокпостар қойылды. 

Сондай-ақ, ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарын тауға барудан бас тартуға, ауа райының жағдайын бақылауға, қар көшкінін тудыруы мүмкін тік қарлы беткейлерге шықпауға, төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.