Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетіледі

Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетіледі
Сурет: Ашық дереккөзі

Жиналған қаржы 25 миллион теңгеден асады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге ерікті түрде материалдық көмек жинады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, жиналған қаржы 25 миллион теңгеден асады. Бұл қомақты ақша "Қайырымдылық KZ" қоғамдық қорының арнайы құрылған есепшотына аударылды.

2 қыркүйекте Қостанай облысындағы "Басаман орман шаруашылығы мекемесі" КММ-ға қарасты екі орманшылығы аумағында өрт болды. Қызыл жалын жалмаған аумақ 4 қыркүйекте 43 мың гектардан асты. Бірнеше ауыл тұрғындары эвакуацияланды. Өрт салдарынан 12 адам зардап шекті, біреуі қаза тапты. Төтенше жағдайға байланысты өңірге жұмыс сапарымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып, Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттерді жою бойынша жұмыстардың барысына баға берді.

7 қыркүйекте сағат 15:00-де ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттер оқшауланғанын мәлімдеді.