Короноирус: Әлемдегі ахуал

Вакцинация мөлшері

Соңғы тәулікте АҚШ-та COVID-19-қа қарсы 2,9 миллион вакцина жасалған. Бұл туралы ел президентінің аға кеңесшісі мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл вакцинация басталғаннан бергі максималды мөлшері. 328 миллион тұрғыны бар мемлекет коронавирусты жұқтырғандар (29 миллионға жуық) мен өлім жағдайлары (524 мыңнан астам) бойынша әлемде көш бастап тұр.

Десе де, Техас және Миссисипи штаттарының билігі бетперде тағу режимін тоқтатты. Мейрамханалар мен басқа мекемелерде, сондай-ақ кәсіпорындарда адам санына байланысты лимит те алынып тасталыпты. NTV мәліметінше, Техас губернаторы Грег Эбботт вакцинациялаудан кейін осындай шешім шығарғанын айтқан. Алайда, егер штаттағы ауруханаларда адам көбейсе, онда шектеулер қайтарылуы мүмкін. Тек губернатор мұндай жағдайда бетперде режимін бұзғаны үшін айыппұл салынбайтынына уәде етті.

Үшінші «толқын»

Ал Польшада соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 23 пайызға өсті. Ел билігі індеттің үшінші «толқынының» басталғаны туралы ашық айтуда. Сенбі күні Польшаның Денсаулық сақтау министрлігі бір тәулікте 14 800 ауру және 245 өлім жағдайы тіркелгенін хабарлады. Сонымен қатар, елде коронавирустың салдарынан ауруханаға түскендердің саны соңғы жеті күнде 16 пайызға артқан.

 Британдық штамм

Чехиядағы коронавирусқа қатысты жағдай да күрделі. Ел COVID-19 жұқтырғандар көрсеткіші бойынша Еуропалық Одақта көш бастап тұр. Онда ауырғандар саны 1 миллион тұрғынға шаққанда 115,7 мың адамды құрайды. Карловы Вары әкімдігінің өкілі Ян Копаланың айтуынша, аймақта коронавирустың «британдық» штамы басым, бұл инфекцияның жаңа жағдайларының 80 пайызында анықталған.

«Жасыл паспорт»

Израиль елінде локдаунды алып тастаудың үшінші кезеңі басталады. Вакцинаның екі дозасымен егілгенін және соңғы инъекциядан кейін кем дегенде бір апта өткенін растайтын «жасыл паспорт» иелері үшін көптеген шектеу жеңілдетілді. Енді аталған елде вакцинацияланған израильдіктер кафелер мен мейрамханалардың ішінде де, верандада да отыра алады. Сондай-ақ, қонақ үйлер COVID-19-қа қарсы вакцинация алғандарға барлық қызмет түрін ұсына алады.

 Дәрі мен орын жетіспейді

Парагвай билігі елде COVID-19 науқастарын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жетіспейтінін және мемлекеттік ауруханалардағы реанимация бөлімшелеріндегі барлық төсек-орын бос емес екенін мәлімдеді. 7 миллион тұрғыны бар бұл мемлекетте 166 мыңға жуық адам індет жұқтырған, 3 300-ге жуық науқас қайтыс болған.

 Сатылымда – экспресс-тест

Германиядағы ірі дүкендер желісінің бірінде коронавирусқа қарсы экспресс-тест сатыла бастады. Бір қорапта 5 тест бар. Бағасы 25 еуроны құрайды. Әр адам бір ғана қорап ала алады. Үкімет бұл шара елдегі індетке қарсы шектеулерді бәсеңдетуге көмектесетінін айтады. Айта кетейік, аталған елде карантин наурыздың 28-іне дейін ұзартылған. Бірақ әр аймақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты тыйымдарды жеңілдете алады.

 Қос бетперденің пайдасы жоқ

Ал жапондық ғалымдар коронавирустан қорғану үшін бір уақытта екі бетперде тағудың пайдасы шамалы екенін айтуда. Бұл ретте олар әлемдегі ең жылдам суперкомпьютер нәтижелеріне сүйенген. Зерттеу көрсеткендей, бетті толық жабатын бірреттік бетперде коронавирустан 85 пайызға қорғайтын болып шыққан. Ал сондай екі бетперде киген жағдайда бұл көрсеткіш небәрі 4 пайызға ғана артатын көрінеді. Сөйтіп, қорғаныс деңгейі 89 пайызды көрсеткен.

 Дайындаған Айкерім НӘЛДІБЕКОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *