Клиенттерді алдап, 11 миллион теңгесін алған турагент 3 жылға сотталды

Клиенттерді алдап, 11 миллион теңгесін алған турагент 3 жылға сотталды
Сурет: Ашық дереккөз

Көпшілікке қарыз болып қалғанын айтып полицияға өз аяғымен барған.

Қарағандыда тұрғындарға жалған тур сатқан фирма директоры 3 жылға сотталды. 28 жастағы Ольга Пожематкина шетелге демалуға бармақ болғандардың 11 миллион теңгесін жинап, қайтармаған, турды да ұйымдастырмаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Пожематкина Ольга Анатольевна ҚР ҚК 190-бабы, 3-тармағының. - 1 және 3-пункіне сәйкес кінәлі деп танылып, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жазасын орташа қауіпсіз режимдегі мекемеде өтейді. Осыған дейін үйқамақта болған ол сот залында ұсталып қамауға алынсын", – деді судья Айгүл Мырзабекова.

КТК телеарнасының хабарлауынша, тергеу кезінде үйқамақта отырған Ольга Пожематкинаға бұл үкімді естігенде есеңгіреп қалған. Өйткені ол іс қозғала бастағанда күйеуімен ажырасып, жалғызбасты ана статусын алған. Емізулі баласы да бар.

Көпшілікке қарыз болып қалғанын айтып, полицияға өз аяғымен барған. Сондықтан іс азаматтық сотқа ауысып, әрі кетсе, шартты жаза болады деп үміттенген. Алайда сот тергеуі оның алаяқтықты қасақана жасағанын дәлелдеді.  Сол себепті өзін қамауға алынсын, ал баласының тағдырын қамқоршылық органдары шешсін деген үкім кесті. Алданып қалған туристердің ақшасын қайтаруға да міндеттелді. Дегенмен, зардап шеккендер қаражатына жылдам қол жеткізетініне сенбейді.

"Шығынымыз 2 миллион 580 мың теңге. Отбасым – үш балам, жолдасым, бес адамбыз, Түркияға барамыз деп үміттенгенбіз. Менің ойымша, біздің қателігіміз – фирманың құжаттарын тексермедік", - дейді Айсұлу Бекжігітова.