Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрлері кездесті

Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрлері кездесті
Cурет: Inform.kz

Тараптар өзекті мәселелерді талқылады

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәскеуге жасаған іс-сапарында ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесті. Тараптар Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді, экономикалық санкциялар мен биологиялық қауіпсіздік сияқты бірқатар өзекті мәселені талқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 
Мұхтар Тілеуберді жоспарда төртінші деңгейдегі биологиялық зертхана құрылысы бар екенін айтып,  еліміздің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Күн тәртібіндегі биологиялық қауіпсіздік – өзекті мәселердің бірі. Әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін бұл мәселенің маңыздылығы арта түсті. Осы орайда біз Ресеймен бірлесе әрекет етіп отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құрылуы керек деген бастамасын ресейлік әріптестердің қолдау білдіргеніне қуаныштымыз.  Бүгін 4-деңгейдегі биологиялық зертхананың құрылысы бойынша жоспарымызбен бөлістік. Бұл ашық процесс.  Біз халықаралық ынтымақтастыққа дайынбыз. Бұл салада елімізге ресейлік ғалымдар мен зертхана мамандары да шақырылады, - деді.

Екі елдің министрлері аймақаралық және шекарадағы серіктестікті нығайту, энергетикалық-жанармай, сонымен қатар ғарыш саласындағы түйткілдерге де ерекше тоқталды. Кездесу мемлекетаралық  дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына орай өтетін іс шаралар жоспарын мақұлдаумен аяқталды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

–  Әрине қазіргі жағдайға байланысты мемлекеттердің арасында халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және де аймақтық халықаралық ұйымдарда біздің қарым -қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

–  Біз өзімізге және Қытай Халық Республикасы сияқты өзге елдердегі  серіктестерге сенім артуымыз керек.  Бұл тенденцияға Оңтүсік Шығыс Азия елдері де тартылып жатыр. Оның ішінде Үндістанмен ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Көлік дәлізін құру бойынша серіктестік орнауда. Бұл өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одаққа  да тиімді.