Қызылша неге өршіп кетті?

Қызылша неге өршіп кетті?
Сурет: Almaty-akshamy.kz

ДСМ мұның себебін түсіндірді.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, биыл Қазақстанда қызылша дертін жұқтырғандар саны 11 мыңнан асқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Жалпы сыртқанттанғандардың 83%-ы – 0-14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі (85%-ы) – екпе алмаған балалар. Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл облыстарында мәселе өте өзекті. Вакцина алмағандардың басым бөлігінің екпеге қарсы көрсетілімі бар немесе кейбіреулері әлеуметтік желілерден бұрыс ақпарат көріп алған. Осыған байланысты екпе алудан бас тарту дерегі тіркеледі», - деді Тимур Сұлтанғазиев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Сондай-ақ ол қызылша неге бұл өңірлерде өршігенін түсіндірді.

«Бұл аймақтарда халық тығыз қоныстанған және туу коэффициенті жоғары. Сондықтан қызылша жұқтырғандар санының өсуі байқалып отыр», - деді бірінші вице-министр.

Тимур Сұлтанғазиевтің пікірінше, коронавирус кезінде қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы жүргізілмеген. Салдарынан осындай мәселе туындаған.

Қызылша дертін жұқтырғандар санының өсуі тек Қазақстанда емес, әлемде тіркеліп отыр. Негізгі себептердің бірі, бұрын айтылғандай, коронавирус кезінде басқа ауруларға қарсы вакцинаның жүргізілмеуі, - деді ол.

Бүгінде ДСМ жағдайды дұрыстау үшін балаларға екпе салуға кіріскен.

«Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмамағамбетова 6 айдан 11 айға дейінгі сәбилерге вакцина салу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға да қосымша екпе салынады», - деп түйіндеді сөзін Тимур Сұлтанғазиев.