КIШIПЕЙIЛДIЛIК – КIШIРЕЮ ЕМЕС

Бiрде кезектi iссапардан пойызбен Алматыдан Таразға келе жаттым. Қасымда әрiптес серiгiм бар. Пойыз жүрмей тұрып қасымыздағы бос екi орынға екi қазақ әйелi келiп жайғасты. Пiшiмдерi, кескiндерi бiрiне-бiрi өте ұқсас, сiрә, мосқалдауы анасы, ал жастауы оның қызы болу керек деген ой түйдiк. Келгеннен екеуi қазақ тiлi мен орыс тiлiн қойыртпақтап, шүлдiрлесiп жатты. Жолды қысқарту үшiн әрнәрсенi айтып, әр сөздi суыртпақтап отырып таныстық. Шынында, ойымыз дұрыс келдi. Анасы мен қызы Шымкентке қонаққа бара жатыр екен. Екеуi де педагог-мұғалiм. Анасы Мәскеуде бiлiм алса, қызы Қарағанды ЖОО-да оқыпты. Бiрақ қазiр заман талабына сай бiрер жылдан берi бизнесте екен. Анасынан мiнезi салмақты, ойы салиқалы екенi байқалады. «Ақжамал» деп танысқан қызы жасы отызға жетпесе де тәкәппар, сөйлесе сызданып, пұлданып сөйлейдi. Өзiнше менмен, жатқан кеуде, айналасындағылардан өзiн ерекше мәдениеттiмiн, сауаттымын, дәрежелiмiн дегендей, мұрнын шүйiре, аспандап қарайды. Сөздерiнен бiлдiк, әкесi ғылым докторы, бiр оқу орнында профессор екен.Менмен қыздың мына мiнезi мен қылығы, шынымды айтайын, өзiме ұнай қойған жоқ. Тiптi қытығыма тидi. Минерал суы құйылған пластмасс құтының қақпағын аша алмаған серiгiм, «мынаны ашып бершi» дегендей, маған ұсынды. Ортада отырған Ақжамал аса бiр ептiлiкпен тығынды жеңiл ашты. Оған қарап:
– Қызым, қолың даяшылардың қолындай ептi екен, – дедiм. Сол-ақ екен, әлгi қыздың ұсқыны нiлдей бұзылып, жаман тайдай осқырып, көздерi шатынап, келбетi әлемтапырақ болып, бұлқан-талқан ашуға мiндi.
– Сiз менi неге оскорблять етесiз?! Почему за языком не следите?.. Если на то пошло, сен менiң әкемдей адамсың, – деп бажылдап, сенге көшiп зiрк-зiрк етедi. Даусы қатты және зiлдi.
– Қарағым-ау, соншама не болды? Бүлiнетiн ештеңе бола қойған жоқ қой? – дедiм мен көршi купеде келе жатқан жолсерiктерiмiзден ыңғайсызданып.
– А, что, хотите бiрнәрсенiң бүлiнгенiн? Кiммен сөйлесiп тұрғаныңды бiлесiң бе? – деп әлгi қыз ашуға мiнiп, бүкiл денесi қалш-қалш етiп, дiкiлдеп, райынан қайтар емес.
– Айналайын, кiм болсаң да әдептiлiк сақтаған жөн болар.
– Әдептiлiктi өз қызыңнан талап ет. Маған мораль оқуға, воспитывать етуге нечего. Өз ақылым өзiме жетедi. Бiреудiң ақылымен өмiр сүрiп жүргенiм жоқ.
«Ә» десең, «мә» деп тұрған әдепсiз қызбен жағаласуды одан әрi жөн көрмей: – Жарайды, қарағым, сенiкi-ақ дұрыс болсын. Салғыласпай, сөздi осымен доғарайық, – деп аяқ астынан басталған мына даужанжалды тезiрек аяқтауға тырыстым.
– Нечего меня затыкать, – деп көршi қызымыз түтiгiп, аптығып, шаң боратуын қояр емес. Одан әрi бетiне заһар-зәрi шығып тұрған әдепсiз қызбен сөз жарыстыруды доғарып, темекi шегудi сылтау етiп, тамбурға шығып кетуге мәжбүр болдым. Бiрақ көпке дейiн әлгi қыздың шайпау, тентек мiнезi көңiлiмнен кетпей қойды. Қазақ қызына тән iзеттiлiктен, үлкендi сыйлау әдеп-ғұрпынан мақұрым, көргенсiз, тiптi, жетесiз бойжеткенмен кездескенiме өкiндiм, – деп аяқтады әңгiмесiн менiң ескi танысым.
Иә, расын айтуымыз керек, өкiнiшке қарай, соңғы кезде қазақ қыздарының арасында ұлттық мiнезiмiзге жат қылықтар көбеймесе, азаяр емес. Тiптi, кейде, таңғалыстан жағаңды ұстайтын сәттер де бар. Оны кiмнен, несiне жасырамыз. «Шынында, құдайым-ау, не болып барады, бiздiң қаракөз бойжеткендерiмiз?ө Батысқа елiктеп бiрте-бiрте мыңдаған жылдар қанымызға сiңген ұлттық тәрбие, үлкендерге деген iзеттiлiк, құрмет, ибалық жоғалып бара ма? Қайда кетiп барамыз? Не болып барады мына сайқымазақ дүние?» – деген ой маған тыныштық бермей, көп уақытқа дейiн санамды тұмшалап алды.
«Қолдан келген биiкке ұшар, асқақ ұшсаң абайлап қон. Өйткенi, төбеге шықсаң күндейтiн, төменде қалсаң тiлдейтiн ағайынсымақтар да толып жатыр бұл өмiрде. Сондықтан төбең көкке жетсе де, табаның жерде тұрғанын ұмытпа» деген екен Әйтеке би баға сұрауға келген Әжiбай мен Аралға. Шындыққа келгенде, қандай биiкке көтерiлмегiн, қандай таққа отырмағын, қандай биiк мансапқа ие болғаныңа қарамай, елден үлкен емес екенiңдi әрдайым естен шығармағанымыз абзал. Өйткенi, ел, көпшiлiк, орта ғана адамды биiкке көтерiп, сый-абыройға, құрметке бөлейдi. Көптiң көңiлiнде болып, алғысқа бөленгеннiң несi артық?!
Адамдар, қысқа ғана ғұмырыңда
Бiрiн-бiрi сыйласып, ұғынуға
Көп нәрсе керек емес, көңiл керек,
Тұру үшiн адамдық тұғырыңда.
Көңiл керек, көл-көсiр көңiл керек,
Кiрбiң шалып, көбейсе көлеңкелер,
Бойың сергiп, қалайша жеңiлдемек?
О, замандас, сыйласып ұғысуға
Көп нәрсе емес, керек екен ақ жарқын көңiл, – деп ақын Сәнiмкүл Желдарбаева жырлағандай, адамға көңiл шiркiннен артық не бар мына дел-сал, мазасыз дүниеде?!
Таяуда облыс орталығы Тараз қаласының маңындағы Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылының жаңа бiр көшесiне осы өңiрдiң белдi азаматы болған, кезiнде В.И. Чапаев атындағы колхоздың (қазiргi Шақан ауылдық округi) төрағасы қызметiн мiнсiз ұзақ жыл атқарған, адами жоғары қасиеттерiмен, ерен еңбегiмен «ел ағасы» атанған, есiмiн осы күндерге дейiн ел жыр қылып аузынан тастамайтын Жоспар Назарымбетовтiң аты берiлдi. Сол салтанатқа жиылған көпшiлiк, көзкөрген замандастары, қызметтес болған азаматтар, ағайын-жекжаттары Жоспар ағаның нешебiр жақсы қасиеттерiн, атқарған iсiн, ауылдастарына жасаған игi-жақсылықтарын тiлге тиек етiп, сағынышпен еске алды. Өмiрде жиi айтылатын «Ғалымның артында хаты қалады, жақсының артында аты қалады» деген қанатты, дана сөздiң рас екенiне куә болдық. «Жылқы iшiнде жүйрiк көп, қазанаты бiр бөлек. Ел iшiнде жiгiт көп, азаматы бiр бөлекө» дегендей, Жоспар ағаның басқалардан ерекшелiгi – көпшiл едi, көңiлi дархан, мiнезге бай, пейiлi кең, парасатты, дегдар азамат болатын. Ауылына қандай, не жұмыспен бара қалмаңыз, сенiң жасыңа, қызметiңе қарамай дастарханына шайға шақыратын. Үйiне қай уақытта бас сұқпа (күн болсын, түн болсын) кең дастарханы жиылмайтын.
– Кемпiр, қонақтарды (немесе – қайындарыңды) қарсы ал, шай қойып, қазаныңды көтер, – деп сырттан келген ағаның сөзiне жұбайы, көпбалалы ана Шырынкүл жеңешем (Назарымбетовтердiң жанұясында екi ұл және алты қыз өсiп, тәрбиеленiп, барлығы жоғары бiлiм алып, бұл күндерi олар үйлi-баранды болып, өмiрден өз орындарын тапқанын осы жерде айта кеткенiмiз жөн) қонақтарды жадырай қарсы алып, еш қиналмай, зыр жүгiрiп жүрiп сары самаурынына шоқ салып, қазанына ет салып, қамыр-нанын илеп, тоқашын пiсiрiп, мезгiлсiз келген меймандарға қабақ шытпай, томпаңдап үй тiршiлiгiн үйiрiп кете баратын. Дастархан басында, дәм үстiнде салиқалы, тұщымды, ойлы әңгiмелер айтылып, ара-арасында ән-күйге орын берiлiп, орынды, жеңiл, көңiлдi әзiл-қалжың айтылып, келген қонақтар мәре-сәре болып, көңiлдерi ризашылық сезiмге бөленiп, бiрiн-бiрi көптен бiлетiн, тiптi, ұзақ жылдардан араласатын ағайындар тәрiздi қимай қоштасатын. Бiр кездесуден кейiн-ақ адам жанына жағымды, жайлы, нұрлы, берекелi аура пайда болып, кейiн, тiптi, солардың бiразы Жоспар ағаның отбасына жақсы iнi, қарындас, қимастай жекжат болып сыйласып, сырласы болып, араласып кететiнiн талай көрдiк, куә болдық. Жоспар ағаның көңiлi көпшiлiкке әрдайым ашық, бауырмал, сезiмi ерекше, аузы ашылса көмекейiнен жүрегi көрiнетiн, «айналайыннан» артық сөзi жоқ, шапағаты мол, кiмге де болса жылы шыраймен, жақсы ниетпен қарап, жүрген ортасына мейiрiм шуағын аямай төгiп жүретiн кiсiлiгi мен кiшiпейiлдiлiгi, мейiрiмдiлiгi мол, мiнезге бай, жаны таза абзал азамат едi. Пейiлiне сәйкес көпшiлiк оны құрметтеп, сыйлайтын, ардақтайтын. Ия, жақсылардың аты ұмытылмасынө Адам мың жасамайды, ол ұрпағымен мың жасайды, iзгiлiктi iстерiмен мың жасайды.
Шығыстың дүлдүл ақын-философы Омар Һаям:
Жүретiн мүсәпiрге қолды ұсынып,
Болса ғой адам бiткен оңды, сынық!
Тепкiлеу жығылғанды – кiсәпiрлiк,
Тұрғызу жығылғанды – сол кiсiлiк! – деп кiсiлiк жайлы ойын сонау ерте заманда жырға қосыпты. Содан берi қанша дәуiр, заман, уақыт өтсе де кiсiлiк туралы, кiшiпейiлдiлiк жайлы ой жүйеленiп, сарапталып, бiр түйiнге түйiлмептi. Керiсiнше, менiң ойымша, мына аумалы-төкпелi беймаза дүниеде адамдар арасында қарама-қарсылық, түсiнбеушiлiк, ұғынысудың орнына егесу көбейiп кеткен секiлдi болады да тұрады. (Бұл менiң көзқарасым, оған келiспейтiндер болса дәлелдеп, оппоненттiк жасасын – С.О.).
Қаншама «Уақыт өзгердi, қоғам өзгердi» десек те ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп, бабаларымыздың қанына сiңген адамның кiсiлiк қалпы, адами асыл қасиеттерi сақталып қалғанына шүкiршiлiк етесiң. Қазақ халқы ғасырлар бойы «мың өлiп, мың тiрiлiп» сансыз қиямет көпiрiнен өтсе де, қаншама тауқыметтi, зұлматты басынан кешiрсе де ұлт ретiнде жойылып кетпей, ұлан-ғайыр территорияны алып жатқан Ұлы Даланы иемденiп, әкеден балаға жалғасып келе жатқан ата дәстүрiмiз, ұрпақ бойына сiңген ұлық қасиеттер сақталып қалғанына тәубе дейсiң. Үлкенге құрметпен, кiшiге iзетпен қараған, береке дарыған халықпыз «Құдайы қонақпын» деп атбасын бұрған жолаушыға қабақ шытпай қойын сойып, қазан көтерген қазақпыз. Қонақжай да кiшiпейiл, қарапайым да намысшыл, батыр да аңғал, қайсар да өжет, қолынан келгенше өзгеге қайырым жасауға жаратылған қазақ өзгелерден әрдайым дараланып тұрған.
Адамгершiлiк, iзгiлiк, кiшпейiлдiлiк, қадiрқасиет туралы ойласам, есiмдерi қазақ ұлтының тарихына алтын әрiптермен жазылған Дiнмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Әшiр Бүркiтбаев, Ақжан Машанов, Мәлiк Ғабдулин, Асанбай Асқаров, Жұмабай Тәшенов, Ишанбай Қарақұлов сияқты азаматтар есiме түседi. Қазақта «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген дана сөз бар. Жақсы адамдар барлық қазаққа ортақ мақтаныш. Қанша жылдар өтсе де олардың атқарған жарқын iстерi ұмытылмай, адами қасиеттерi ел есiнде сақталатынына еш күмән жоқ. Сiрә, қазақ барда сол көгiлдiр сағыныш сақталып қала берер. Олар мәңгiлiкке атын қалдырған, ұрпағы әрқашан сыйлап өтер дарабоз тұлғалар емес пе?! Таулар алыстаған сайын биiктей түседi.
Жуырда «Сталинге хат» деген фильмдi тамашаладым. Сонда менi ерекше тәнтi еткен, ерекше ойға қалдырған бiр кейiпкер болды. Ол – халық әртiсi Нұржұман Ықтымбаев сомдаған қазақ қариясының образы. Ақсақал көп сөйлемей, барлығын iсәрекетiмен атқарады, адами қасиеттiң құндылығын жасаған қайырымдылығымен дәлелдейдi. Ол қайда, не болмасын iшкi есеппен iс атқармай, әдiлеттi қолдап, кiм болмасын қайырым жасауға, қолұшын беруге дайын. Фильмдi көрiп отырып Нұржұман Ықтымбаев суреттеген кейiпкер кiсiлiктiң, кiшiлiктiң, биiк адамгершiлiктiң символы екенiн, бiздiң ұлтымызға тән ұлылықтың әдемi көрiнiсi деп ұғасыз да әлдебiр тәттi сезiмнен жүрегiңiз жыли түседi. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» дегендей, жоғарыда аталған фильм секiлдi шығармалар теледидардан көбiрек көрсетiлсе, көпшiлiктi ойландырар, толғандырар жаңа көркем туындылар жарық көрiп жатса (атыс пен шабыс, қырғын мен қанға бөктiру, жалаңаштанған еркек пен әйелдердiң жиренiштi әдепсiз қылықтары, ұрлап-тонау, алаяқтардың жантүршiгерлiк iс-әрекеттерi, т.с.с. қоғамның терiс жақтарын күнi-түнi теледидардан дәрiптей бергенше) адами құндылықтар да айқындала түсiп, жастарға ой тастар едi-ау деген тәттi қиял көңiл түбiнде көлбеңдейдi.
Қазақта «Көңiл көңiлден су iшедi» деген керемет жанға жағымды сөз бар. Ой таразысына салып көрсеңiз, адамның көңiлi шыныдай мөлдiр, таза, сезiмтал. «Бұл фәниде қашанда өмiр қымбат. Дүние, байлық, өмiр жұмбақ. Бәрiнен көңiл қымбат. Адамдық сезiм қымбат» деп келетiн ән иiрiмдерiндегiдей өр пендеге бұл беймаза дүниеде өмiр қымбат, көңiл қымбат, сезiм қымбат екенiн ұғынып, әрдайым есте ұстасақ, оларды келер ұрпаққа төкпей-шашпай, мұртын бұзбай жеткiзе алсақ, шiркiн!
Көңiл-күй түзулiгi, адам психологиясының саулығы, адамның iшкi әлемiнiң сұлулығы қандай заман, қандай дәуiр болмасын қоғамның белдi факторы болып қала бермек. Өйткенi, олар қоғам келбетiн, ұлт идеологиясын қалыптастыратын сырлы, ғажайып дүниелер.
Адам баласы бақыт үшiн жаралған. Бақыт таза еңбекпен, терең бiлiммен, жоғары адами қасиеттер арқылы келетiнi белгiлi. Сондықтан, бақытты болу үшiн оған күресу, жақсылыққа ұмтылу, қолыңнан келгенше басқаларға көмек-жәрдем көрсету керек. Адам жалғыз өзi, жеке-дара ешқашан бақытты бола алмайды. Ол адамдар арасында ғана бақытты, адамдар арасында ғана қадiрлi, сыйлы. Көпшiлiктiң алғысын алып, құрметiне бөлену, әрине, жеңiл жұмыс емес және әркiмнiң басына ондай бақыт қона бермеген. Көнекөз қариялардың «Менмендiк – жiгiттiң соры, төменшектiк – жiгiттiң қоры. Кiшiпейiлдiлiк кең жайлау – Жiгiттiң зоры», деп айтып отырғанын талай естiдiк. Жас кезiмiзде қарттардың әлгi сөздерiне мән берiп, мағынасын терең ұға бермейтiнбiз. Қазiр ойласақ, сол сөздерде қаншама керемет философиялық ой жатыр. Базбiреулер таққа қондым, атқа мiндiм деп жоны күжiрейiп, өзiмбiлерлiкке, менмендiкке ұрынып, жанжағындағыларға үстемдiк көрсетiп, орынды-орынсыз тiзе батырып, құдайын ұмытып кететiн дәрежеге дейiн жетедi. Неге олар «Ұлық болсаң – кiшiк бол», «Кiсiлiк пен кiшiлiк – ұлылықтың белгiсiө» деген қазақтың дана сөзiн естен шығарып, тарс ұмытып кетедi екен? Кiшiпейiлдiлiктi кiшiрею деп ұғатындардың ойы жөн бе? Әлде, адамның жан дүниесiн сезiнетiн, бағалайтын, қадiрлейтiн уақыт, сiрә, өтiп кеттi ме? Сұрақ көп, жауап аз…
Әттең, барлығын кеш ұғып, кеш түсiнiп жататынымыз өкiнiштi.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *