Киім-кешектің бағасы қымбаттады

Киім-кешектің бағасы қымбаттады
Сурет: Aarticle

ТМД елдерінен 16,9 мың тонна киім әкелінген.

Қазан айының қорытындысы бойынша елімізде киімнің бағасы жыл ішінде 14,6%-ға көтерілген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еnergyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Киім ең қатты қымбаттаған өңір Астана қаласы, мұндағы жылдық өсім 25% болған. Баға Қызылордада 19,8%, Ақмола облысында 19% өскен. Ең аз өсті деген Ақтөбе облысының өзінде 9,7%-ға көтерілген. Соның ішінде ер адамдардың киімі жыл ішінде 14%-ға, әйелдердікі 14,1%, балалар киімі 17,2% қымбаттады.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте елімізде киім өндірісі жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда ақшалай мәнде 12,7%-ға артып, 43,1 млрд теңгені құрады. Өнімнің басым бөлігі Шымкентке тиесілі, жылдық өсім 44%, ақшалай 7,4 млрд теңге. Екінші орында Алматы - 6,9 млрд теңге, 15,2%-ға артқан. Алматы облысында киім өндірісінің көлемі керісінше 48,6%-ға қысқарыпты, ақшалай мәнде 4,2 млрд теңгені құрады.

Жылдың алғашқы сегіз айында тоқыма және кездемеден тігілген киімдер импорты 71 мың тонна болып, 888,9 млн долларды құрады.  ТМД елдерінен 16,9 мың тонна киім әкелінген, жыл бұрынғы мәннен 2,9%-ға аз. Ұйым аясында елімізге киім жеткізетін негізгі ел – Өзбекстан - 10,2 мың тонна, көрсеткіш 5,4%-ға азайыпты.

ТМД-ға кірмейтін елдерден 54,1 мың тонна киім әкелінген, өткен жылмен салыстырғанда 17,8%-ға ұлғайған. Негізгі импортерлер Қытай (39,3 мың) мен Түркия (12 мың).