«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру сомасы 2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру сомасы 2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды
Сурет: ашық дереккөз

2023 жылы ауданды абаттандыру бойынша 25 жоба іске асырылған.

Оның ішінде 6 қоғамдық кеңістік (К. Байсейітова көшесі, Ганди паркі, Сосновый сквері, Биокомбинат, АЗТМ және Райымбек даңғылы, Бекетов көшесі) және автоматты суару құрылысы бар 19 жасыл аймақ көгалдандырылған. Бұл туралы Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде қала басшысы Е.Досаев айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Жаңбыр жауған кезде су басатын учаскелер санын азайту үшін төтенше жағдайлар желісі бойынша 12 учаскені жою жұмыстары жүргізілді, 41,1 шақырым арық желісін қайта құру және салу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 11,5 шақырым болатын 31 учаске аяқталды. Биыл жыл соңына дейін қалған 29,6 шақырым аяқтау жоспарланып отыр

Архитектуралық келбетін сақтау мақсатында КТК-нің 47 қасбетін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау аясында 91 аула аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда. 2023 жылы бағдарлама аясында 1,6 млрд теңге сомаға 34 жоба іске асырылды. Ал биыл 52 жобаны іске асыру мақсатында қаржыландыру сомасы 2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, - деді қала әкімі Е.Досаев.

Сонымен қатар, жайлы қалалық орта құру аясында 3 алаңға жөндеу жұмыстары жүргізіледі (Мұқанов, Төле би - Масанчи көшесі, Төле би - Розыбакиев көшесі) жөндеу , Қашғар көшесі бойынша жаяу жүргіншілер аймағын құру, КЖО-ның 50 қасбетін жөндеу және 59 аула аумағын абаттандыру жоспарлануда.