Келесі жылы Қазақстанда оқушылар арасында биология пәні бойынша 35-ші Халықаралық олимпиада өтеді

Келесі жылы Қазақстанда оқушылар арасында биология пәні бойынша 35-ші Халықаралық олимпиада өтеді
Сурет: Gov.kz

 Бүгін Оқу-ағарту министрі Халықаралық ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен кездесті.

IBO халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ленка Либусованың айтуынша, Қазақстанның мұндай беделді олимпиаданы өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқтық емес, оған қазақстандық оқушылардың жоғары халықаралық имидж қалыптастыруы себеп болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

«Жыл сайын қазақстандық оқушылар әлемдік аренада жоғары көрсеткіштерді көрсетіп келеді. Барлық жетістіктерді ескере отырып, Халықаралық ұйымдастыру комитеті биология пәнінен өтетін халықаралық олимпиаданы 2024 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. 80 елден 330-ға жуық ең үздік жас биолог қатысады деп күтілуде», - деді олимпиаданың Халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрағасы.

Оқу-ағарту министрі мұндай айтулы шараның өткізілуі – еліміздің бүкіл оқу-ағарту саласының жетістігі әрі беделі екенін айтты.

«Қуантарлығы, осындай беделді әлемдік олимпиадаларда біздің оқушыларымыздың рейтингі жыл сайын өсіп келеді. Білім саласындағы ең ірі шаралардың бірі – биологиядан халықаралық IBO–2024 олимпиадасының біздің елде өтуі соның дәлелі болмақ. Бұл білім беру сапасын арттыруға жасалатын тағы бір қадам», – деді Ғани Бейсембаев.

Биологиядан халықаралық олимпиада (IBO) - түрлі елдердегі орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы ең жоғары деңгейдегі жарыс саналады. Мақсаты – биологиялық зерттеулерге қызығушылықты арттыру, дарынды оқушылардың идеяларын насихаттау және өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасау.