ҚазҰУ-да «Алтай халықтарының жер-су атаулары» симпозиумы басталды

ҚазҰУ-да «Алтай халықтарының жер-су атаулары» симпозиумы басталды
almaty-akshamy.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алтай халықтарының жер-су атаулары» ХІ халықаралық симпозиумы өтті. Іс-шараны Алтай қауымдастығының академиясы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.

Симпозиумның негізгі мақсаты – ежелгі заманнан бүгінге дейін жазбаша және ауызша жеткен дереккөздерді кеңінен зерттеу, тайпалардың, жер-су атауларының фонетикалық және морфологиялық өзгерістерінің себептерін талдау және ғалымдардың  халықаралық ынтымақтастық траекториясын кеңейту.

Жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. Симпозиумға қатысушыларды қарсы ала отырып, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Жапония, Венгрия, Польша, Тайвань және т.б. елдердің ғалымдарын жинаған ауқымды ғылыми шараның маңыздылығын атап өтті.

«Түркітектес ғалымдар мен шетелдік зерттеушілер  жылдар бойы Алтай әлемін зерттеп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. «Халықаралық Алтай қауымдастығы симпозиуымы» атауымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан академиялық платформа жыл сайын тақырыптық кеңістігін кеңейтуде. Бүгінгі симпозиум Еуразия кеңістігіндегі түркі, моңғол, тұңғыс, манчжұр, мажар, жапон, корей және басқа да халықтар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар туралы күрделі де қызықты ғылыми зерттеуге жаңа серпін береді деген сенімдеміз», - деді ректор. 

Сондай-ақ пленарлық отырыста Алтай симпозиумдары комитетінің төрағасы, профессор Илхан Шахин,  Түркияның Қазақстандағы бас консулы Али Рыза Акынжы, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов, Халықаралық түркологиялық зерттеулер орталығының директоры, ҚР ҰҒА корреспонденті Ерден Қажыбек және т.б. сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.

Симпозиум аясында алтаистиканың түрлі бағыттары бойынша секциялар жұмысы өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі