Қазақстандық режиссер Тайқазан туралы мультфильм түсіріп жатыр

Қазақстандық режиссер Тайқазан туралы мультфильм түсіріп жатыр
Сурет: Inform.kz

Түсіру жұмыстары қараша айында аяқталады

Қазақстандық режиссер-аниматор Қуаныш Нағыз «Тайқазан хикаясы» атты мультфильм түсіріп жатыр. Онда киелі Тайқазанды қайтарып алу үшін жолға аттанып, зұлым жаумен шайқаста қайсарлық көрсеткен жас батыр туралы баяндалады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«2007 жылы мен «Алтын жебе» анимациялық фильмдер фестиваліне қатыстым, ол кезде Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА үшінші курс студенті едім. Фестиваль шеңберінде барлық қонақтарға Түркістанды аралатып, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне алып барды. Сол кезде киелі Тайқазанды алғаш көріп, керемет әсер алдым. Осыдан шамамен екі жыл бұрын Тайқазан туралы мультфильм түсіруді ойлап, барлық деректермен танысып шықтым. Кейін сценарий жазып, осы жазда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сценарийлер байқауына қатыстым», - дейді режиссер Қуаныш Нағыз.

Айта кетсек, бұл жас режиссердің алғашқы жұмысы емес. Ол әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясында «Үш сыйлық» және «Менің атым Қозы» сынды басқа да анимациялық туындыларды түсірген.

Режиссердің айтуына қарағанда, «Тайказан хикаясы» - комедиямен аралас түсірілетін шытырман оқиғалы мультфильм. Сонымен қатар, ол дайындық кезеңі барысында ауқымды жұмыстар атқарылғанын, фильмнің негізгі персонаждары салынғанын, сондай-ақ жобаның аниматигі (сызба нұсқасы) түсірілгенін хабарлады. Бүгінде жас мультипликатор негізгі локацияларды салып, кейбір сахналарды қозғалыспен көркемдеп жатыр. Түсіру жұмыстары қараша айында аяқталады.