Қазақстандық полицей Бүкіләлемдік ойындарда 2-орын алды

Қазақстандық полицей Бүкіләлемдік ойындарда 2-орын алды
Сурет: Inform.kz

22-31 шілде күндері Нидерландта Бүкіләлемдік полиция және өрт сөндірушілер ойындары өтіп жатыр. Он күн бойы Роттердам порт қаласы ірі және бірегей халықаралық спорт жарыстарының сахнасына айналады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл Бүкіләлемдік полиция және өрт сөндірушілер ойындарына 70 елден 10 мыңнан астам адам қатысуда. Оның ішінде Қазақстан өкілдері де бар. Қатысушылар спорттың 63 түрінен, соның ішінде бокс, кроссфит, жеңіл атлетика, су добы, кайтсерфинг және «Үздік өрт сөндіруші» номинациясында бақ сынап жатыр.

Ойын ұйымдастырушыларының пікірінше, бұл жарыс әртүрлі елдердің шұғыл әрекет ету қызметкерлері арасында байланыс орнатудың жақсы құралы болмақ. Сонымен қатар ойындардың мақсаты – қызметкерлердің спорттық шеберлігін ынталандыру, кез келген уақытта бізге көмектесуге дайын тұратын барлық төтенше жағдайлар қызметкеріне құрмет көрсету.

Бүкіләлемдік полиция және өрт сөндірушілер ойындары (World Police and Fire Games, WPFG) 1985 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл жарысқа жұмыс істеп жүрген және отставкадағы полицейлер мен өрт сөндірушілер қатысады.

Роттердам қаласында бокстан өткен жарыста Сәкен Құсайынов 86 келіге дейінгі салмақта екінші орын алды. 34 жастағы отандасымыз – Семей қаласының тумасы. Ол – бокстан 2004, 2005 жылдардағы Қазақстан чемпионы, 2006 жылы Бакудегі Халықаралық турнирдің және 2005 жылғы ҚР Президенті Кубогының жүлдегері.