Қазақстандық оқушыларға жол ережелері оқытылады

Қазақстандық оқушыларға жол ережелері оқытылады
Сурет: Еgemen.kz

Сонымен қатар, мектептерде ТЖМ өкілдері де арнайы сабақтар өткізеді.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мектеп бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін оқытуды енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Білім министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, жол қозғалысы ережелерін оқуды білім беру бағдарламасына міндетті түрде енгізу, бұл жұмысқа жұмыс істеп тұрған инспекторларды тарту мәселесін қарастырсын», - деді Әлихан Смайылов.

Жиында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 22 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында жолдарда балалардың жарақат алуын азайтуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу жоспарланып отырғанын қосты. Барлық өңірлерде жол белгілерінің, таңбалардың болуы, бағдаршамдардың жұмысқа жарамдылығы тексерілетін болады. Сондай-ақ мектеп автобустарының балаларды тасымалдауға рұқсаты тексерілетін болады.

«Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, мектептерде өрт, жер сілкінісі, лаңкестік әрекеттер – осы жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жөнінде арнайы сабақтар өткіземіз. Сонымен қатар, полиция қызметінің басшылары мектептерде қауіпсіз мінез-құлық негіздері бойынша сабақтарды ұйымдастырады», деді министр Марат Ахметжанов.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің басшысы қазақстандық мектептерде қандай заңбұзушылықтар анықталғанын айтқан болатын.