Қазақстандық боксшы Қоңқабаев қоладан үмітті

Қазақстандық боксшы Қоңқабаев қоладан үмітті
Сурет: Prosports.kz

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстандық боксшы аса ауыр салмақ санатында бахрейндік Данис Латыповпен күш сынасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қамшыбек үшінші раундта нокдаун алып қалғанына қарамастан, қарсыласын ұтты. Төрешілер есебі – 5:0.

Осылайша, Қ.Қоңқабаев кемінде қола медаль алады.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Қамшыбектің жекпе-жегі туралы пікір білдірді.

"Қарсыласы - Азиядағы мықтылардың бірі. Кездесу тартысты болды. Кем-кетік те болмай қалған жоқ, бір-екі соққы жіберіп алды. Мұның бәрі - алдағы кездесулерге дайындық", – деді ол.

Бүгін Жайна Шекербекова 54 келіге дейінгі салмақта үндістандық Притиге 1:4 есебімен жол беріп, жүлдесіз қалды.

Кешкі сессияда Қазақстаннан тағы үш боксшы рингке шығады.