Қазақстанда жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам онлайн казино бұғатталды

Қазақстанда жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам онлайн казино бұғатталды
Сурет: ашық дереккөз

Сондай-ақ 5 букмекерлік кеңсе мен 2 тотализатордың лицензиясы тоқтатылды

ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің хабарлауынша, онлайн казиноларды анықтау және бұғаттау бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында жыл басынан бері елімізде 3 670 интернет-казино бұғатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Сондай-ақ сот шешімінің негізінде 5 букмекерлік кеңсе мен 2 тотализатордың лицензиясы тоқтатылды. Бұған лицензиялық алымды төлеу бойынша қарыздар, ойын аймақтарынан тыс тіркеу, міндетті резервтің болуы бойынша талаптарды орындамау және басқа да заңбұзушылықтар негіз болды, -деп жазды Azattyq Ruhy.

2022 жылы Комитет 4 ойын автоматтары залына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізген болатын. Тексеру нәтижелері бойынша 1 зал жабылып, лицензиясынан айырылды, 3 залдың қызметі тоқтатылды және 6 әкімшілік айыппұл салынды.

«Жасыратыны жоқ, онлайн-казинолар және, атап айтқанда, олардың жарнамалары оңай жеңіске жетуге уәде береді және құмар ойыншылардан ақша табуға тырысады. Бұған қарсы тұру үшін біз интернетте мониторинг жүргіземіз және қолданыстағы лицензияларды тексереміз. Мысалы, 4 букмекерлік кеңсенің, 3 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензияларын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

2019 жылы елде интернет-ресурстарды мониторингілеу үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл бірден бірнеше мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігіне интернет-казиноларды жедел анықтауға және оларға кіруге тыйым салуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп анықталған интернет-казиноларды бұғаттау туралы ақпаратты қарау мерзімін қысқарту жөнінде шаралар қабылданды.