Қазақстанда жеңілдетілген дизель отынының орташа бағасы белгіленді

Қазақстанда жеңілдетілген дизель отынының орташа бағасы белгіленді
Сурет: 24.kz

Қазақстан Үкіметінің отырысында бейінді ведомстволардың басшылары күзгі дала жұмыстарының дизель отынымен қамтамасыз етілуі туралы айтты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 423,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыс операторларын МӨЗ-ге бекіту кестесі бекітілді. Шілде көлемдерін өңірлер толығымен таңдап алды. Қазіргі уақытта тамыз көлемі жөнелтілуде.

«Энергетика министрлігі тамыз айында мұнай өңдеу зауыттарынан орташа нарықтық бағаны белгіледі - тоннасына 212 мың теңге немесе литріне 177 теңге. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша орташа баға литріне 202 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15-20%-ға арзан», - деді Ербол Қарашөкеев.

Өз кезегінде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов шілдеде ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін 106,6 мың тонна тиелгенін, тамызда 148,2 мың тоннаға төленгенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Министрлік жөнелтімдерге тұрақты мониторинг жүргізуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін баға ресурс ұстаушылардың келісімі бойынша тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге деңгейінде анықталды», - деді Болат Ақшолақов.