Қазақстанда подкаст туралы алғашқы кітап жарық көрді

Қазақстанда подкаст туралы алғашқы кітап жарық көрді
Сурет: ашық дереккөз

Тәжірибелі подкастерлер Бақытгүл Салыхова мен Әйнел Әмірхан қалың көпшілікке Alqa Publishing баспа үйімен бірлестікте шығарған подкаст саласы туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітапты ұсынды.

Кітап «Атың шықпаса, подкаст жаса: пайдалы подкаст жасау шеберханасы» деген атаумен шықты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.  

 «Подкаст дүние жүзінде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазақстан да бұл көштен қалып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы бірнеше жыл подкастерлердің қатары артып келеді. Бірақ өзім подкаст саласына 2019 жылы келгенде ақпаратты тірнектеп жинауға тура келгені есімде. Кітаптар да тек ағылшын, орыс тілдерінде болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, әрі салаға келіп жатқан мамандарға, қызығушылық танытқан адамдарға пайдалы болсын деген ниетпен Бақытгүл екеуімізде осы кітапты жазу идеясы туындады», - дейді Әйнел Әмірхан, кітап авторларының бірі, OY-DETOX подкастының жүргізушісі.

 «Кітап жазу барысында «подкаст» сөзімен подкаст емес нәрселерді атау проблемасына кезіктік. Сұхбат, әңгіме форматындағы көптеген YouTube жобаларды подкаст деп атау сәнге айналды, бірақ олар арнайы подкаст платформаларында аудио форматында жарияланбағандықтан, подкаст бола алмайды. Жаңа сөздерге, терминдерге мұқият болып, мағынасын түсініп, өзін де өзгелерді де шатыстырмау маңызды. Осы ретте, кітабымыз подкаст бастап кетуіңізге көмек беріп қана қоймай, ағартушылық қызмет те атқарады», - деп жалғайды кітап соавторы Бақытгүл Салыхова.

Кітапта Қазақстандағы подкаст саласының дамуы, подкаст тақырыптары мен форматтары, тыңдаушылар қызыға тыңдайтын подкастар, саланың болашағы сынды сұрақтар қамтылған. Ашық ақпарат көздеріндегі подкастарға талдау жасалып, еліміздегі подкастардың классификациясы ұсынылған. Сондай-ақ, подкаст саласына жаңадан келіп жатқан адамдарға көмектесетін нұсқаулық та бар.

 «Жылдан жылға қазақ тілінде шығатын кітаптардың саны артып келеді. Шетел әдебиеті, шетел оқулықтарын қазақ тіліне аудару бір ізге қойылды. Бірақ бізге отандық контекстке, қандай да бір сала туралы зерттеуге негізделген жергілікті авторлардың жұмыстарына назар салу керек. Alqa Publishing баспасы әйел зерттеуші, жазушыларға басымдық беретіндіктен осы кітапқа қуана басып шығардық», - дейді Баян Хасанова, Alqa Publishing баспа үйінің басшыларының бірі.