Сколиоздың асқынуы өте қауіпті - мамандар

Сколиоздың асқынуы өте қауіпті - мамандар
Сурет: ашық дереккөзден

Соңғы кезде омыртқа ауруына шалдыққан жастар көп.

Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Тіпті тірек-қозғалыс жүйесіндегі ең көп тараған аурулардың біріне айналған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Әсіресе, сколиозға шалдыққан жеткіншектер көп. Дәрігерлер бұл ауруға бейжай қарамай, ертерек алдын алу қажеттігін айтады. «Жалпы омыртқа ауруларының 52 түрі бар», – дейді мамандар. Дені жұлын мен жүйке тамырлары омыртқа арасында қысылған кезде бірден байқалады екен. Салдарынан адамның белі, аяқ-қолы, басы, тіпті ішкі ағзаларының ауыру үдей түседі. Бұған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Компьютер алдында ұзақ отыру, ауыр жүк көтеру де омыртқа ауруына әкеп соғады. Ал қазір балалар арасында сколиоз ауруы көбейген. Ауыр сөмке арқалап немесе түрлі гаджеттерге телмірудің салдары омыртқада жарықшағына әкеп соқтырады.

«Көп жағдайда туабітті болады немесе бір жарақат алып қалады, сол кезде омыртқамыз қатайып қалуы мүмкін. Оның үстіне ауыр жұмыс бар, кішкентай балалар ауыр сөмке киеді. Мүмкіндігінше баланы кішкентай кезден қарап, омыртқасы қисайған болса, орнына келтірсе, омыртқаның қозғалыс қызметін жақсартсақ, бәрі жақсы болады», - дейді остеопат дәрігер Серік Ақшалов. 

Ал мамандар: «Сколиоздың асқынуы өте қауіпті», – деп отыр. Яғни кеуде қуысының қисаюы, жүректен тартып, ішкі ағзалардың жұмысын нашарлатады. Сколиоз асқынған жағдайда тек операция арқылы түзеуге болатындығын айтады. Ал оны түзету – ең күрделі операциялардың бірі. Ал бұрын жасы 40-50-ден асқан үлкен адамдарда кездесетін остеохондроз ауруы да жасара бастаған.

«Көбінесе кеңсе қызметкерлері мен жастарда мойын және бел остеохондрозы кездеседі», – дейді мамандар. Сондықтан дәрігердің көмегімен қатар үнемі қозғалыста жүрген пайдалы. Ал мына білікті маман ұсынған лайфхакті мұқият орындасаңыз, аурудың алдын алуға болады.

«Мен маман ретінде омыртқа ауруларының алдын алатын қарапайым тәсілмен бөліскім келеді. Ең әуелі ол үшін екі үлкен теннис добын жаңа шұлыққа ортасын түйіншектеп саламыз. Дайын болған кішкентай жастықшаны қарақұстың тұсына төсеп,  түзу әрі қатты жерге жатып 10 минут демалу қажет. Дәл сондай жастықшаның екіншісін құймышақ тұсына қойса да болады. Сонда омыртқамыз созылып, сүйектердің зат алмасуы жақсара түседі», - дейді медицина ғылымдарының кандидаты Ризаул Мәнжігітова.

Деніміз сау болсын десек, омыртқаны үнемі жаттықтырып отыру қажет. Мамандар осылай деп кеңес береді. Арқа бұлшықеттерін қатайту маңызды. Яғни бұлшықеттер мықты болса, омыртқаға түсетін салмақ та азаяды. Омыртқа саулығы – жалпы деннің саулығы. Авторы: Айнұр Қуатқызы Мұрат Әріпханов