Қазақстанда балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі

Қазақстанда балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі
Сурет: I-igrushki.ru

Қазіргі кезде бұл жоба пилоттық негізде іске асып жатыр. 

Балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Қазіргі таңда бұл жоба пилоттық негізде іске асып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Ибраимов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.   

«Ваучерлік қаржыландырудың қашан жаппай қолданысқа енгізілетіні белгісіз. Қазіргі таңда біз оны тек пилоттық негізде іске қостық. Оған 15 балабақша, яғни 180 ата-ана қатысып жатыр. Жобаны пысықтау мақсатында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», - деді Асқар Ибраимов. 

Мектепке дейінгі білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілсе, онда ата-аналар балабақшаны таңдауға, оның бюджетін қадағалауға мүмкіндік алады. 

«Бұрын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балабақшаларға қаржыны жергілікті атқарушы органдар тарататын еді. Ал енді ваучерлік қаржыландыру арқылы бұл іске ата-аналар да араласа алады. Сонымен қатар ата-аналар балабақшаны таңдауға, бюджетті қадағалауға мүмкіндік алады. Осылайша, бұрын осы жұмыстарды атқарып келген жергілікті атқарушы органдардан аталған міндеттер алынып тасталады. Пилоттық жоба сәтті іске асса, онда бірінші кезекте ваучерлік қаржыландыру жүйесін Нұр-Сұлтан қаласында енгізу жоспарланған», - деді Гүлмира Кәрімова.